Філіпіліктерге хат 1 Тарау
1 Філіпі қаласында тұратын, Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы қауым басқарушылары мен қызметшілеріне қоса Құдайдың барлық адамдарына Иса Мәсіхтің қызметшілері Пауыл мен Тімотеден дұғай сәлем:
2 сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
3 Сендерді еске алған сайын Құдайға ризашылық білдіріп,
4 бәрің үшін әрдайым қуана-қуана тілек тілеп сиынудамын.
5 Себебі сендерге Ізгі хабар жеткен алғашқы күннен бастап оны таратуға бізбен ортақтасып келе жатырсыңдар.
6 Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін.
7 Барлығың туралы осындай жақсы пікірде болуым дұрыс, себебі менің жүрегімнен берік орын алдыңдар. Қазір мен тұтқында отырғанда да, Ізгі хабардың шындығын қорғап, нығайтқанда да Құдайдың маған мейірімділікпен тапсырған қызметіне ортақтасып келесіңдер.
8 Бәріңді Иса Мәсіх дарытқан сүйіспеншілікпен сағынып жүргеніме Құдай куә.
9 Мен Оған сиынып, былай деп тілеп отырмын: сендердің сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін.
10 Соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті екенін ажырата білсеңдер екен деймін. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз пәк болып,
11 Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділ іс-әрекеттер жасап келген боласыңдар. Содан Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталмақ.
12 Бауырластарым, мен басымдағы жағдайымның Ізгі хабарды бөгемей, керісінше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендерге білдіргім келеді.
13 Патшаның бүкіл күзетші жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды.
14 Сонымен қатар, тұтқындалуым бауырластардың басым көпшілігінің Иемізге деген сенімдерін нығайта түсті. Олар Құдай сөзін бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды.
15 Рас, кейбіреулері Мәсіхті қызғаныш пен күншілдіктен, ал басқалары ақниеттен уағыздап жүр.
16 Бірқатарлары Мәсіхті ақпейілден емес, өз абырой-атақтары үшін уағыздайды: олар бұғаудағы маған одан да көп қасірет тартқызбақшы.
17 Ал өзгелері Құдайдың мені Ізгі хабарды қорғауға тағайындағанын ұғып, оны сүйіспеншілікпен таратуда.
18 Бірақ мұнда тұрған не бар? Мейлі, жалған не адал ниетпен, болсын, әйтеуір Мәсіх уағыздалса болғаны, мен соған қуанамын. Оған бұдан былай да қуанамын.
19 Өйткені сендер сиынып, Иса Мәсіхтің Киелі Рухы көмек көрсеткендіктен, осы жағдайымның мен үшін жақсылықпен аяқталатынын білемін.
20 Себебі мен ешбір ұятқа қалмайтыныма, қайта, батылдыққа кенеліп тірі жүремін бе, не өлемін бе, әрдайым болғандай, қазір де өз бойымда Иса Мәсіхтің дәріптелетініне үміт артып, соған нық сенемін.
21 Себебі Мәсіх — менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең.
22 Егер тәнім сау болса, өнімді еңбек ете аламын. Енді нені таңдауды білмей,
23 екеуіне де құштармын: бұ дүниеден кетіп, Мәсіхпен бірге болғым келеді, бұл бәрінен де анағұрлым жақсы,
24 ал тәнімнің аман қалғаны сендер үшін қажеттірек.
25 Бұған көзім жеткендіктен менің тірі жүріп, қастарыңда болатынымды білемін. Сонда сенімдерің арта түсіп, қуанышқа кенелесіңдер.
26 Сендерге тағы да келгенімде мені құтқарғаны үшін Иса Мәсіхке ұлан-ғайыр мақтау айтатын боласыңдар.
27 Қандай жағдай болмасын, тек Мәсіх жайлы Ізгі хабарға сай өмір сүріңдер! Мен келіп, сендерді көремін бе, я болмаса алыста жүремін бе, бәрібір — сендер туралы «бірдей ниетпен табанды тұрады, Ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күреседі,
28 қарсыластарынан еш қорықпайды» дегенді естігім келеді. Сендердің тайсалмас жігерлерің қарсыластарыңның мәңгі жойылып кететінін, ал өздеріңнің құтқарылатындарыңды алдын ала білдіреді. Мұны іске асырушы — Құдай.
29 Ол сендерге рақым етіп, Мәсіхке сенуді ғана емес, Ол үшін азап шегуді де белгіледі.
30 Осылайша сендер бұрын менен көріп, қазір де айналысып жатқанымды естіген рухани күреске өздерің де араласудасыңдар.