ҚЫМБАТТЫ ДОС!
Сіздің қолыңыздағы кітапша
«Інжіл әңгімелері» атты 2026 жылдың күнтізбесінің жалғасы, басқаша
айтқанда күнтізбеге қосымша. Күнтізбе он екі айға арналған Інжіл
мәтіндерін ұсынады. Олар Құдайдың қасиеттері мен жоспарын ашып, адамның
мәселелерінің себебін айқындап, құтқарылуға апаратын жолды және біздің
тағдырымыздың болашағын көрсетеді.
Жаңа өсиетте берілген әрбір әңгімені зейін салып, мұқият оқу сізге екі
мың жыл бұрын болған оқиғалармен танысуға, мәсіхшілердің қалай пайда
болғанын білуге және Құдай Сөзін оқудың ұмытылмас тәжірибесін сезінуге
мүмкіндік береді. Қымбатты оқырман, сіздің жарқын және жағымды әсер
алуыңызға тілектеспіз!
Сондай-ақ, егер сіз
Киелі кітаппен
танысуды жалғастырғыңыз келсе, сұрақтарыңыз болса немесе сізге рухани
қолдау қажет болса, сіз осы кітапша мен күнтізбені берген адаммен
хабарласыңыз. Ол адам Құдай Сөзін зерттейтін сенушілер қауымы қай жерде
кездесетінін біледі
ЕҢ АЛДЫМЕН ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫН ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘДІЛДІГІН ІЗДЕҢДЕР...
Матай жазған Ізгі хабар 5, 6, 7 тараулар
Халықты көріп, Иса тауға көтерілді. Ол отырған кезде, шәкірттері
қасына келді. Сонда Иса сөзін бастап, оларға былай деп тәлім берді:
«Құдайға мұқтаж екенін түсінгендер бақытты, өйткені Аспан Патшалығы
солардікі. Жылағандар бақытты, өйткені олар жұбаныш табады.
Кішіпейілділер бақытты, өйткені олар жерді иемденеді. Шындықты аңсап шөлдегендер бақытты, өйткені олар тойынатын болады.
Мейірімділер бақытты, өйткені оларға мейірім көрсетіледі. Жүрегі тазалар
бақытты, өйткені олар Құдайды көреді. Татуластырушылар бақытты, өйткені
олар Құдайдың ұлдары деп аталатын болады. Шындық үшін қудаланғандар
бақытты, өйткені Аспан Патшалығы солардікі. Сендерді Мен үшін қорлап,
қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!
Қуанып, шаттаныңдар, өйткені аспандағы сыйларың орасан зор! Сендерден
бұрын болған пайғамбарларды да солай қудалаған.
Сендер жердің тұзысыңдар. Ал егер тұз өз күшін
жоғалтса, оны қалай қалпына келтіресің? Еш нәрсеге жарамсыз
болғандықтан, оны адамдардың аяқ астына лақтыру ғана қалады. Сендер
дүниенің жарығысыңдар. Тау басындағы қала жасырына алмайды. Шамды жағып,
оны ыдыспен бүркеп қоймайды, қайта, шам қойғышқа қояды, сонда жарығы
үйдегілердің бәріне түседі. Осылайша адамдар игі істеріңді көріп,
Аспандағы Әкелеріңді мадақтаулары үшін, сендердегі жарық олардың алдында
жарқырасын.
Мені заңды немесе пайғамбарлардың сөздерін жоққа шығару үшін келді деп
ойламаңдар. Мен жоққа шығару үшін емес, орындау үшін келдім. Сендерге
шындықты айтамын: аспан мен жер жойылып, барлығы орындалмағанша, заңның
бірде-бір әрпі де, сызығы да жойылмайды. Сондықтан кімде-кім осы
өсиеттердің ең кішкентайын бұзып, адамдарды соған үйретсе, сол Аспан
Патшалығында ең кішкентай болып саналады. Ал кім өсиеттерді орындап,
адамдарды соған үйретсе, сол Аспан Патшалығында ұлы болып саналады.
Сендерге айтамын: әділдіктерің дін мұғалімдері мен парызшылдардың
әділдігінен асып түспесе, Аспан Патшалығына кіре алмайсыңдар. Сендер
ежелгі замандағы адамдарға: «Кісі өлтірме! Кім кісі өлтірсе, сотқа
тартылады», – деп айтылғанын естігенсіңдер. Ал Мен сендерге былай
деймін: бауырына босқа ашуланатын әр адам сотқа тартылады. Кімде-кім
бауырына «рака» десе, синедрион алдында жауапқа тартылады; ал кімде-кім
«ақылсыз» десе, тамұққа тасталады.
Сонымен, егер құрбандық шалатын жерге сыйтартуыңды алып барғанда,
бауырыңның саған қарсы бір нәрсесі бар екені есіңе түссе, сыйтартуыңды
сол құрбандық шалатын жерге қалдыр да, алдымен барып,
бауырыңмен татулас. Содан соң қайтып келіп,
сыйтартуыңды ұсын. Сотқа бара жатқанда, қарсыласыңмен тезірек татулас.
Әйтпесе қарсыласың сені сотқа береді, ал сот сақшыға тапсырып, ол сені
түрмеге қамайды. Саған шындықты айтамын: ең соңғы кодрантыңды
бермегенше, сол жерден шыға алмайсың.
Ежелгі замандағы адамдарға: «неке адалдығын бұзба», – деп айтылғанын
естігенсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім әйелге құмарта
қараса, өз жүрегінде онымен неке адалдығын бұзғаны. Егер оң көзің сені
азғырса, оны ойып алып, лақтырып жібер, өйткені бүкіл денеңнің тамұққа
түскенінен гөрі, бір мүшеңнен айырылғаның жақсы. Егер оң қолың сені
азғырса, оны шауып алып, лақтырып жібер. Себебі бүкіл денеңнің тамұққа
түскенінен гөрі, бір мүшеңнен айырылғаның жақсы. Сондайақ «кімде-кім
әйелімен ажырасатын болса, оған ажырасу қағазын берсін» делінген. Ал Мен
сендерге былай деймін: кім неке адалдығын бұзбаған әйелімен ажырасатын
болса, сол оның неке адалдығын бұзуына себепші болады; әрі кім ажырасқан
әйелге үйленетін болса, сол да неке адалдығын бұзады. Ежелгі замандағы
адамдарға: «Антыңды бұзба, Жаратқан Иенің алдында берген антыңды
орында», – деп айтылғанын естігенсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін:
мүлдем ант беруші болма; аспанмен де ант етпе, өйткені ол – Құдайдың
тағы; жермен де ант етпе, өйткені ол – Оның аяқ қоятын тірегі;
Иерусалиммен де ант етпе, өйткені ол – Ұлы Патшаның қаласы; өз басыңмен
де ант етпе, өйткені бір тал шашыңды ағарта да, қарайта да алмайсың.
Сендердің «иә» дегендерің «иә», «жоқ» дегендерің «жоқ» болсын. Одан
өзгенің бәрі зұлымнан. Сендер «көзге көз, тіске тіс» дегенді естідіңдер.
Ал Мен сендерге былай деймін: жаман адамға қарсыласпа. Біреу оң жақ
бетіңнен ұрса, оған сол жағыңды да тос. Егер біреу сенімен соттасып,
жейдеңді шешіп алғысы келсе, оған сырт киіміңді де шешіп бер. Біреу сені
өзімен бір шақырым жол жүруге мәжбүрлесе, онымен екі шақырым жүр.
Сұрағанға бер, қарыз алғысы келгеннен теріс айналма. Сендер «жақыныңды
жақсы көр, жауыңды жек көр» дегенді естідіңдер. Ал Мен сендерге былай
деймін: жауларыңды жақсы көріңдер, қарғыс айтқанға бата беріңдер,
өздеріңді жек көргендерге жақсылық жасаңдар және өздеріңді жәбірлеушілер
мен қудалаушылар үшін сиыныңдар. Сонда Аспандағы
Әкелеріңнің ұлдары боласыңдар, себебі Ол жамандарға да, жақсыларға да
Өзінің күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де
жаңбырды бірдей жаудырады. Егер өздеріңді сүйгендерді сүйсеңдер,
сендерге не үшін сый берілмек? Салықшылар да солай істемей ме? Егер
сендер өз бауырларыңмен ғана амандассаңдар, онда қандай ерекше іс
істейсіңдер? Басқа ұлттықтар да солай істемей ме? Сонымен, Аспандағы
Әкелерің қандай мінсіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар.
Байқаңдар, қайырымдылық жасағанда жұрт көзіне түсу үшін
жасамаңдар. Әйтпесе Аспандағы Әкелеріңнен сый алмайсыңдар. Сонымен,
қайырымдылық жасағанда халық мақтасын деп екіжүзділер сияқты синагогалар
мен көшелерде жар салма. Сен дерге шындықты айтамын: олар қазірдің
өзінде сыйларын алып жатыр. Ал сен қайырымдылық жасағанда, оң қолыңның
не істеп жатқанын сол қолың білмесін, қайырымдылығың құпия болсын. Құпия
істерді көретін Әкең саған қарымтасын қайтарады. Сиынғанда, синагогалар
мен көшелердің бұрыштарында адам көзіне түсу үшін тоқтай қалып, сиынуды
жақсы көретін екіжүзділер сияқты болма. Сендерге шындықты айтамын: олар
қазірдің өзінде сыйларын алып жатыр.
Ал сен сиынғанда, бөлмеңе кіріп, есігіңді жауып, көзге көрінбейтін Әкеңе
сиын. Құпия істерді көретін Әкең, саған қарымтасын қайтарады. Сиынғанда,
басқа ұлттықтар сияқты артық сөз айтпаңдар, өйткені олар көп сөйлесек,
еститін болады деп ойлайды. Сендер оларға ұқсамаңдар, себебі Әкелерің
сұрамай тұрып-ақ неге мұқтаж екендеріңді біледі. Сонымен, былай
сиыныңдар:
«Аспандағы Әкеміз! Сенің есімің киелі бола берсін! Сенің Патшалығың
келсін! Сенің еркің аспанда орындалғандай, жерде де орындалсын!
Қажетті нанымызды бүгін де бере гөр. Бізге қарыз болғандарды
кешіргеніміздей, Сен де біздің қарыздарымызды кешіре гөр. Азғырылуға
түсірмей, жамандықтан сақтай гөр. Патшалық та, күш те, даңқ та мәңгі
бақи Сенікі! Әумин»
.
Егер адамдардың күнәларын кешірсеңдер, Аспандағы Әкелерің де сендерді
кешіреді. Ал егер адамдардың күнәларын кешірмесеңдер, онда Әкелерің де
сендердің күнәларыңды кешірмейді. Сондайақ ауыз бекіткенде,
екіжүзділердей тұнжырап жүрмеңдер. Олар өздерінің ораза ұстап жүргенін
адамдарға көрсету үшін, қабағын түйіп жүреді. Сендерге шындықты айтамын:
олар қазірдің өзінде сыйларын алып жатыр. Ал сен ауыз бекіткенде басыңа
май жағып, бетіңді жу. Осылайша ауыз бекіткеніңді адамдар емес, көзге
көрінбейтін Әкең көретін болады. Сонда құпия істерді көретін Әкең саған
қарымтасын қайтарады.
Жер бетінде өздеріңе байлық жинамаңдар. Жерде оны күйе жеп, тот басады
немесе ұрылар үйдің астын қазып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта байлықты
аспанда жинаңдар. Аспанда күйе де жемейді, тот та баспайды және ұрылар
үйдің астын қазып кіріп, ұрлап кетпейді.
Өйткені байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда болады. Дененің шырағы – көз. Көзің таза болса, бүкіл денең жарық болады. Ал
көзің жаман болса, бүкіл денең қараңғы болады. Сонымен, сендегі жарық
түнек болса, онда түнектің қандай болғаны?
Ешкім екі қожайынға қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін жек көріп,
екіншісін жақсы көреді, немесе біреуіне ынтасын салып, екіншісін
менсінбейді. Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар.
Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не жеймін, не ішемін деп жандарыңды,
не киемін деп тәндеріңді уайымдамаңдар. Жан тамақтан, тән киімнен артық
емес пе?
Аспандағы құстарға қараңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да,
қамбаға жинамайды да, бірақ Аспандағы Әкелерің оларды асырайды. Сендер
солардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?
Қайсыбірің уайымдап, бойыңды ең болмаса бір шынтаққа өсіре аласың? Киер
киімді несіне уайымдайсыңдар? Даладағы лала гүлінің қалай өсетініне
қараңдаршы: олар еңбек етпейді, жіп иірмейді. Бірақ сендерге айтамын:
тіпті Сүлеймен де бар сән-салтанатында солардың біріндей киінген емес.
Бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай
киіндірсе, сендерді одан да артық киіндірмей ме, сенімі аздар-ай!
Сондықтан «Не жейміз?», «Не ішеміз?» немесе «Не киеміз?» деп
уайымдамаңдар. Өйткені басқа ұлттықтардың іздейтіні осы, ал сендерге
осының бәрі қажет екенін Аспандағы Әкелерің біледі. Ең алдымен Құдай
Патшалығын және Оның әділдігін іздеңдер, сонда сендерге мұның бәрі
қосылып беріледі. Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымдамаңдар, өйткені
ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің өз қамы өзіне жеткілікті.
Соттамаңдар, сонда сотталмайсыңдар. Өйткені басқаларды қалай
соттасаңдар, өздерің де солай сотталасыңдар.
Қандай өлшеммен өлшесеңдер, өздеріңе де сонымен өлшеп беріледі. Неге сен
бауырыңның көзіндегі жаңқаға қарайсың, ал өз көзіңдегі бөренені
сезбейсің? Өз көзіңде бөрене тұрып, бауырыңа: «Kелші, көзіңдегі жаңқаны
алып тастайын», – деп қалай айтасың? Екіжүзді! Әуелі өз көзіңдегі
бөренені алып таста, сонда анық көріп, бауырыңның көзіндегі жаңқаны алып
тастай аласың. Қасиеттіні иттерге бермеңдер, інжу-маржандарыңды
шошқалардың алдына тастамаңдар. Әйтпесе олар оны аяғымен таптап, бұрылып
келіп, өздеріңді жарып тастайды. Сұраңдар, сонда сендерге беріледі;
іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда сендерге ашады.
Өйткені сұраған әркім алады, іздеген табады, есік қаққанға ашады.
Араларыңда нан сұраған ұлына тас беретін адам бар ма? Немесе балық
сұраған ұлына жылан беретін адам бар ма? Сонымен сендер зұлым бола тұра
балаларыңа жақсылық жасай алсаңдар, онда Аспандағы Әкелеріңнің Өзінен
сұрағандарға жақсылық жасайтыны еш шүбәсіз.
Барлық істе адамдар өздеріңе қалай істесін десеңдер, өздерің де оларға
солай істеңдер. Заң және пайғамбарлар жазбаларының мәні осы. Тар
қақпамен кіріңдер, өйткені өлімге апаратын қақпа кең, жолы даңғыл, көбі
онымен жүреді. Ал өмірге апаратын қақпа тар, жолы да жіңішке. Оларды
табатындар көп емес. Қой терісін жамылып келетін жалған пайғамбарлардан
сақ болыңдар, шын мәнінде олар – жыртқыш қасқырлар. Оларды жемістерінен
танисыңдар. Шомырттан жүзім теріп, ошағаннан інжір жинай ма?
Осылайша әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс береді, ал жаман ағаш жаман
жеміс береді. Жақсы ағаш жаман жеміс, жаман ағаш жақсы жеміс бере алмайды. Жақсы
жеміс бермейтін әрбір ағашты кесіп, отқа тастайды. Осылайша оларды
жемістерінен танисыңдар. Маған «Жаратқан Ие! Жаратқан Ие!» дейтін әркім
емес, Аспандағы Әкемнің еркін орындайтындар ғана Аспан Патшалығына
кіреді. Сол күні көптеген адамдар Маған: «Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Біз
Сенің атыңмен пайғамбарлық еткен жоқ па едік? Сенің атыңмен жындарды
қуып шығарып, көптеген кереметтерді жасаған жоқ па едік?» – деп айтады.
Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан білген емеспін. Заңсыздық
жасаушылар, Менен аулақ кетіңдер», – деймін.
Сонымен, осы сөздерімді тыңдап, оларды орындайтын әркім өз үйін тастың
үстіне тұрғызған ақылды адамға ұқсас болады. Жаңбыр жауып, өзендер
тасып, жел тұрып, әлгі үйді соққылағанда, ол құламайды, өйткені негізі
тасқа қаланған. Ал осы сөздерімді естіп, оларды орындамайтын әркім үйін
құм үстіне салған ақылсыз адамға ұқсайды. Жаңбыр жауып, өзендер тасып,
жел тұрып, әлгі үйді соққылағанда, ол құлап, толығымен қирайды». Иса
сөзін аяқтағанда, халық Оның іліміне таңғалды. Өйткені Иса дін
мұғалімдері мен парызшылдар сияқты емес, билігі бар адам сияқты үйретті.
Сіз өміріңізде не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді? Сіздің ең басты құндылығыңыз не? Білім, беделді мамандық, табыс, атақ, байлық, билік немесе жердегі басқа да игіліктер? Бірақ мұның бәрі уақытша! Бүкіл өміріңізді уақытша нәрсеге бағыштаған дұрыс па? Сіз нені таңдар едіңіз: өміріңіздің соңында бітетін осы әлемдік уақытша табыс па немесе осы әлемде де, көкте де Құдаймен бірге болатын бақытты мәңгілік өмір ме? Иса Мәсіх бізді “ең алдымен Құдай Патшалығын іздеуге” шақырады, есесіне Ол бізге қажетті нәрсенің бәрін беруге уәде берді.
МЕНІҢ ЖАҚЫНЫМ КІМ?
Лұқа жазған Ізгі хабар 10:25-37
Міне, сонда бір заңшыл тұрып, Исаны сынамақшы болып, Одан:
«Ұстаз! Мәңгі өмірге ие болу үшін маған не істеу керек?» – деп сұрады.
Иса оған: «Таурат Заңында не жазылған? Қалай оқисың?» – деді. Ол:
Құдайың Жаратқан Иені бар жүрегіңмен, жан-тәніңмен, бар
күш-қуатыңмен
және барлық ақыл-ойыңмен сүй. Өзіңді қалай сүйсең, жақыныңды да солай
сүй», – деп жауап берді. Иса оған: «Дұрыс жауап бердің. Осылай істе,
сонда мәңгі өмірге ие боласың», – деді. Бірақ ол ақталмақшы болып,
Исадан: «Менің жақыным кім?» – деп сұрады.
Иса оған былай деді: «Бір адам Иерусалимнен Иерихонға бара жатып,
қарақшылардың қолына түседі. Қарақшылар оның киімін шешіп алып,
ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. Кездейсоқ бір діни қызметкер
сол жолмен келе жатып, оны көре тұра, жанынан өтіп кетеді. Бір леуілік
те сол жерден өтіп бара жатып, оны көріп, қасынан өтіп кетеді. Ал сол
жолмен өтіп бара жатқан самариялық кісі оның жағдайын көргенде, жаны
ашып, қасына барады да, жараларына май мен шарап құйып, таңады. Оны
есегіне мінгізіп, қонақ үйге алып келіп, оған қамқорлық көрсетеді. Ал
келесі күні жолға шығарда, екі динар алып, қонақ үй иесіне беріп: «Оған
қамқор бол. Егер шығының бұдан артық болса, қайтып келгенімде төлеп
беремін», – дейді. Қарақшылардың қолына түскен адамға осы үшеуінің
қайсысы жақын деп ойлайсың?» Ол: «Оған мейірім көрсеткені», – деді.
Сонда Иса оған: «Бар, сен де солай жаса», – деді.
Қайырымды самариялық сияқты болу үшін қандай қасиеттерді дамыту керек? Неге қиындыққа тап болған адамға басқа ұлттың әрі басқа мәдениеттің өкілі көмек берді, ал бірінші болып оған көмектесуі керек адамдар тоқтамай өтіп кетті? Жақыныңыз деп кімді айтуға болады? Көмекке мұқтаж адамдар әрқашан болады. Егер біз осындай адамдарға назар аударып, оларға көмектесетін болсақ, Құдай мұны көріп, бізді жарылқайды. Осылайша Құдайдың басты өсиеттерін орындаймыз.
ӘКЕ! ОЛАРДЫ КЕШІР...
Лұқа жазған Ізгі хабар 23:13-43
Пилат бас діни қызметкерлерді, басшыларды және халықты шақырып,
оларға былай деді: «Сендер Мына Адамды халықты бүлдіруші деп, маған
әкелдіңдер. Міне, мен Оны алдарыңда тергеп, сендер айыптайтындай
ешқандай кінә таппадым. Ирод та еш кінә таппай, Оны бізге қайтарып
жіберді. Ол өлім жазасына кесетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқ.
Сондықтан Оны жазалап, босатып жіберемін». Ал Пилат мейрамға орай бір
тұтқынды босатуы керек болатын. Бірақ бүкіл халық: «Ол өлтірілсін! Бізге
Бараббаны босатып бер!» – деп айқайлай бастады. Барабба қалада бүлік
жасап, кісі өлтіргені үшін түрмеге қамалған болатын. Пилат Исаны
босатқысы келіп, қайтадан халыққа тіл қатты. Бірақ олар:
«Айқышқа шегеленсін! Ол айқышқа шегеленсін!» – деп
айқайлады. Ал Пилат оларға үшінші рет: «Ол қандай зұлымдық жасады? Одан
өлімге кесілетіндей ештеңе таппадым. Сондықтан Оны жазалап, босатамын»,
– деді. Бірақ олар қатты дауыспен Исаның айқышқа шегеленуін талап
етті.
Ақырында олар айқайларымен дегендеріне жетті. Пилат олардың талаптарын
жүзеге асыруды шешті. Сөйтіп, ол бүлік жасап, кісі өлтіргені үшін
түрмеге қамалған адамды олардың талабы бойынша босатып жіберді, ал Исаны
олардың қолына тапсырды. Олар Исаны алып шыққанда, егістіктен келе
жатқан күренелік Шимонды ұстап алды. Оған айқыш ағашты арқалатып, оны
Исаның соңынан алып жүруге мәжбүрледі. Исаға орасан көп халық ілесіп,
көптеген әйелдер Ол үшін еңіреп жылады. Ал Иса оларға қарап, былай деді:
«Иерусалимнің қыздары! Мен үшін жыламаңдар, қайта, өздерің мен балаларың
үшін жылаңдар. Өйткені «Бедеулер, құрсақ көтермегендер, емшек емізбеген
әйелдер бақытты!» дейтін күндер келеді. Сонда адамдар тауларға: «Біздің
үстімізге құлаңдар!» әрі төбелерге: «Бізді басып қалыңдар!» – деп айта
бастайды. Егер жасыл ағашқа осылай істесе, онда қураған ағашқа не
болмақ?» Исамен бірге екі қылмыскерді де өлтіруге алып бара жатты.
Олар Маңдайтөбе деп аталатын жерге келген соң, Исаны айқышқа шегеледі.
Сондайақ екі қылмыскерді де, біреуін Исаның оң, екіншісін сол жағына
шегеледі.
Ал Иса: «Әке! Оларды кешір, өйткені олар не істеп жатқандарын
білмейді», – деді. Олар жеребе тастап, Исаның киімдерін бөле бастады. Халық сол
жерде қарап тұрды. Басшылар болса оны мазақ етіп: «Басқаларды құтқарды.
Егер Ол Мәсіх, Құдайдың таңдаулысы, болса, Өзін құтқарсын», – деді.
Жауынгерлер де Исаны келеке етіп, қасына барып, Оған сірке суын ұсынып:
«Егер Яһудеяның Патшасы болсаң, Өзіңді Өзің құтқар», – деді. Исаның бас
жағында грек, латын және еврей тілдерінде «Бұл – Яһудеяның Патша-сы» деп
жазылған тақтайша болды.
Айқышқа шегеленген қылмыскердің біреуі: «Егер Мәсіх болсаң, Өзіңді де,
бізді де құтқар», – деп, Оған тіл тигізді. Ал екіншісі, керісінше, оны
тоқтатып: «Құдайдан қорықпайсың ба? Өзің де осы жазаға кесілгенсің ғой.
Бізге әділ үкім шығарылды, өйткені істегенімізге сай жаза алып тұрмыз.
Ал Ол еш жамандық жасаған жоқ», – деді. Сонда ол Исаға: «Жаратқан Ие!
Патшалығыңа барғанда, мені есіңе алшы», – деді. Иса оған: «Саған
шындықты айтамын: бүгін Менімен жұмақта боласың», – деді.
Сізге қайғы-қасірет әкелгендерді кешіре аласыз ба? Беделіңізге нұқсан келтіретініне немесе өміріңізге қауіп төндіретініне қарамастан, бойұсынып келісетін нәрсе бар ма? Исаның сотталуы жай ғана саяси немесе діни әрекет емес, керісінше, ауыр қылмыс болды. Иса адамзатты қатты сүйіп, барлығын құтқару үшін, осыған жол берді.
ОЛ ӨЛІМНЕН ҚАЙТА ТІРІЛДІ!
Матай жазған Ізгі хабар 28:1-20
Сенбі күні өткеннен кейін, аптаның бірінші күнінің таңында
мағдалалық Мәриям мен басқа Мәриям қабірді көруге келді. Сол кезде қатты
жер сілкінісі болды. Өйткені Жаратқан Иенің бір періштесі аспаннан
түсіп, қабірге жақындап, тасты домалатып алып тастады да, соның үстіне
отырды. Оның келбеті найзағайдай, ал киімі қардай аппақ еді. Күзетшілер
одан қорқып, қалшылдап, өлі адамдай қатып қалды. Періште әйелдерге
қарап: «Қорықпаңдар!
Сендер айқышқа шегеленген Исаны іздеп келгендеріңді білемін. Ол мұнда
жоқ, Өзі айтқандай, тірілді. Бері келіп, Оның жатқан орнын қараңдар. Енді тезірек барып,
шәкірттеріне Оның өлімнен тірілгенін және сендерді Ғалилеяда күтетінін
айтыңдар. Оны сол жерден көресіңдер. Міне, сендерге айтарым осы», –
деді. Әйелдер әрі қорқып, әрі қуанып қабірден дереу шығып кетті. Олар
Исаның шәкірттеріне айту үшін жүгіре жөнелді.
Шәкірттеріне хабарлауға бара жатқанда, кенеттен Иса оларға кездесіп:
«Қуаныңдар!» – деді. Әйелдер жақындап келіп, Оның аяғына қолдарын
тигізіп, Оған тағзым етті. Сонда Иса оларға: «Қорықпаңдар! Бауырларыма
Ғалилеяға барсын деп айтыңдар, олар Мені сол жерде көреді», – деді.
Әйелдер бара жатқанда, күзетшілердің кейбіреулері қалаға кіріп, бас діни
қызметкерлерге болған оқиғаны түгелдей жеткізді. Сонда олар
ақсақалдармен бірге жиналып, кеңесіп, жасақшыларға көп ақша беріп, былай
деді: «Сендер: «Түнде біз ұйықтап қалғанда, шәкірттері келіп, Оны ұрлап
әкетіпті», – деңдер. Ал егер бұл туралы хабар әміршіге жетсе, біз оны
көндіріп, сендерді пәледен құтқарып аламыз». Олар ақшаны алып, солардың
тапсырғанындай істеді. Содан осы сөз яһудилер арасында күні бүгінге
дейін таралуда. Он бір шәкірті Ғалилеяға барып, Иса оларға бұйырғандай
тауға көтерілді. Олар Исаны көргенде, Оған иіліп тағзым етті, ал
кейбіреулері күмәнданды.
Иса оларға жақындап, былай деді:
«Маған аспан мен жердің бүкіл билігі берілген. Сондықтан да барлық
халықтарға барып, оларды Менің шәкірттерім етіңдер. Оларды Әке, Ұл
және Киелі Рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өткізіп, Мен сендерге
бұйырған-дарымның бәрін орындауға үйретіңдер. Мен бұл дүниенің соңына
дейін әр күні өздеріңмен бірге боламын. Әумин».
Сіз Исаның жан түршігерлік өлімнен қайта тірілгеніне сене аласыз ба? Кімге көбірек сенесіз? Бұл мүмкін емес дегендерге ме, әлде оның қайта тірілуін көргендерге ме? Екі мың жыл бойы осы берілген оқиғалардың шындығына қатысты неше түрлі пікірлер бар. Дүние жүзіндегі миллиардтаған мәсіхшілер, Киелі кітаптың өзгермейтіндігі және Киелі кітаптағы пайғамбарлық сөздердің орындалуы Исаның қайта тірілгендігінің дәлелі болып табылады. Сіз бұл фактілерге қалай қарайсыз? Иса жоғары және толыққанды билікке ие, Оның ілімі шындық және Оның талаптары міндетті түрде орындалуы керек. Ізгі хабарға сеніңіз, Иса шынымен тірілген!
ІЗГІ БАҚТАШЫ
Жохан жазған ізгі хабар 10:1-11
Сендерге нағыз шындықты айтамын: кім қой қораға есіктен кірмей,
басқа жолмен кірсе, сол – ұры әрі қарақшы. Ал кім есіктен кірсе, сол –
қойлардың бақташысы. Қарауыл оған есік ашады, ал қойлар оның даусын
естиді. Бақташы өз қойларын атымен шақырып, оларды шығарады. Қойларын
шығарғанда, олардың алдында жүреді. Ал қойлары соңынан ереді, өйткені
оның даусын таниды. Ал бөтен адамның соңынан ермей, одан қашады, себебі
оның даусын танымайды». Иса оларға осы астарлы әңгімені айтты, бірақ
олар Оның не айтқанын түсінбеді.
Иса оларға тағы да былай деді: «Сендерге нағыз шындықты айтамын: Мен
қойлар кіретін есікпін. Менен бұрын келгендердің бәрі – ұрылар әрі
қарақшылар. Бірақ қойлар оларды тыңдамады. Мен есікпін. Кім Мен арқылы
кірсе, сол құтқарылады. Ол емін-еркін кіріп-шығып, жайылым табады. Ұры
ұрлап, өлтіріп, құрту үшін ғана келеді.
Ал Мен олардың өмірге ие болып, өмірлері игілікке ағыл-тегіл мол
болуы үшін келдім. Мен ізгі Бақташымын. Ізгі Бақташы қойлары үшін жанын қияды.
Иса «бақташы мен қойлар» мысалы арқылы, Өзінің бізге деген көзқарасын көрсетті. Сіз өз өміріңізді мейірімді және қамқор Бақташыға сеніп тапсыруға дайынсыз ба? Олай болса, назар аударыңыз, Иса сізге сөйлеп тұр. Исаның соңынан еріңіз, Ол сізді қорғайды және қолдайды.
БАЛАЛАР СИЯҚТЫ БОЛЫҢДАР...
Матай жазған ізгі хабар 18:1-10
Сол уақытта шәкірттері Исаның қасына келіп: «Аспан Патшалығында кімнің жолы үлкен?» – деп сұрады. Иса бір баланы шақырып алып, орталарына тұрғызып, былай деді: «Сендерге шындықты айтамын: егер өзгеріп, балалар сияқты болмасаңдар, Аспан Патшалығына кіре алмайсыңдар». Ендеше, кім өзін осы бала сияқты кіші тұтса, Аспан Патшалығында соның жолы үлкен. Кім Менің атымнан осындай бір баланы қабылдаса, соның Мені де қабылдағаны. Ал кім Маған сенетін осы кішілердің біреуін азғырса, соның мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді. Бұл дүние адамдарды азғырғаны үшін қасіретке қалады, өйткені азғырулардың болатыны сөзсіз, бірақ ол кім арқылы келсе, сол адам қасіретке қалады. Егер қолың немесе аяғың сені азғыратын болса, оларды шауып таста да, лақтырып жібер: екі қол, екі аяқпен мәңгілік отқа лақтырылғаннан гөрі, қолсыз немесе аяқсыз мәңгілік өмірді иемденгенің артық. Егер де көзің азғырса, оны ойып ал да, лақтырып жібер: екі көзбен тамұққа түскеннен гөрі, бір көзбен мәңгілік өмірді иемденгенің артық. Қараңдар, осы кішілердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер. Сендерге айтамын: олардың аспандағы періштелері аспандағы Әкемнің жүзін әрдайым көріп тұрады.
Балалар енді өсіп, жетіліп жатқанына қарамастан, біз олар арқылы Құдаймен қарым-қатынасымызға қатысты көп нәрселер үйрене аламыз. Балалар сенгіш, кешіруді және ымыраға келуді біледі, естігеніне шын жүректен сенеді. Құдай бізден осындай қарым-қатынасты қалайды. Балалар сияқты Көктегі Әкеміздің еркіне мойынсұну үшін бізге не қажет?
ТӘУБЕГЕ КЕЛГЕН КҮНӘКАР ҮШІН ҚУАНУ
Лұқа жазған ізгі хабар 15:11-32
Иса тағы былай деді: «Бір адамның екі ұлы болыпты. Кенжесі
әкесіне: «Әке! Маған тиісті еншімді берші», – дейді. Сонда әкесі
ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді. Біраз күндер өткеннен кейін кіші ұл
барын жинап алып, алыс елге кетеді. Сол жақта ол азғын өмір сүріп, бүкіл
дүниесін шашып, ысырап қылады. Барын шашып бітіргенде, сол елде қатты
ашаршылық басталып, ол әбден мұқтаждық көре бастайды. Сонда ол сол елдің
бір тұрғынына барып, оған жармасады. Сол адам оны өзінің даласына
шошқаларды бағуға жібереді. Жігіт шошқа жейтін қабықтармен қарнын
тойғызғанына риза болар еді, бірақ оған соны да ешкім бермейді. Сонда ол
ақылға келіп, іштей былай дейді: «Әкемнің қаншама жалшысы нанға тойып
жүр, ал мен аштан өлетін болдым. Тұрып, әкеме барып: «Әке! Мен аспанға
да, саған да қарсы күнә жасадым. Енді ұлыңмын деп аталуға лайықты
емеспін. Мені жалшыларыңның қатарына қабылдашы», – дейін». Сонымен,
жігіт орнынан тұрып, әкесіне барады.
Ол әлі алыста келе жатқанда-ақ, әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп
алдынан жүгіріп шығып, оны бауырына басып, бетінен сүйеді. Ұлы оған:
«Әке! Мен аспанға да, саған да қарсы күнә жасадым. Енді ұлыңмын деп
аталуға лайықты емеспін», – дейді. Ал әкесі құлдарына: «Ең жақсы киімді әкеліп, оны
киіндіріңдер. Қолына жүзік тағып, аяғына аяқ киім беріңдер.
Бордақыланған торпақты әкеліп, сойыңдар. Ішіп-жеп, шаттанамыз!
Өйткені мына ұлым өлі еді – тірілді, жоғалған еді – табылды», – дейді. Сөйтіп, олар тойлай бастайды. Ал үлкен ұлы егіндікте
болатын. Ол қайтып келе жатып, үйіне жақындағанда, ән салып,
билегендердің дауыстарын естиді. Қызметшілердің біреуін шақырып алып:
«Бұл не?» – деп сұрайды. Қызметші оған: «Бауырың келді. Әкең оны
аман-есен көргені үшін бордақыланған торпақты сойды», – дейді.
Үлкен ұл ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Ал әкесі шығып, оны үйге
шақырады. Бірақ ол әкесіне: «Міне, мен саған неше жылдан бері қызмет
етіп келемін, ешқашан да бұйрықтарыңа қарсы шыққан емеспін. Бірақ сен
маған достарыммен көңіл көтеруім үшін лақ та берген емессің. Ал мына
ұлың азғын әйелдермен болып, мал-мүлкіңді шашып-төгіп келген-де, сен
оған бордақыланған торпақты сойдың», – деп айтады. Ал әкесі оған: «Ұлым!
Сен әрдайым менімен біргесің, менікінің бәрі сенікі. Ал мына бауырың
болса, өлген еді – тірілді, жоғалған еді – табылды. Сондықтан қуанып,
шаттануымыз керек», – дейді».
Адасқан ұл туралы астарлы әңгіме Құдай мен біздің арамыздағы қарым-қатынас туралы әңгіме. Біреу, кіші ұлы сияқты, рухани мұраны ысырап етіп, торығу мен үмітсіздіктің тұңғиығына сүңгиді. Ал біреу өзінен басқа ешкімді сүймей, Жаратқан Иенің рақымын іздейді. Бірақ Құдай мейірбан әке ретінде «ақылға келген» және Оның разылығын іздеген әрбір адамға қуанады. Жаратқан Иеміз әрқашан бізді күтіп алып, кешіру үшін құшағын ашуға дайын. Біз бүкіл өмірімізді өз ережелеріміз бен қалауларымыз бойынша өткізгенімізді түсініп, Көктегі Әкемізге оралуға дайынбыз ба?
СЕНІ СЕНІМІҢ ҚҰТҚАРДЫ...
Марқа жазған ізгі хабар 5:25-34
Сол жерде он екі жыл бойы қан кетіп ауырып жүрген бір әйел бар
еді. Ол талай дәрігерлерге көрініп, бар мал-мүлкін жұмсады, бірақ
ауруынан айықпай, керісінше, жағдайы бұрынғыданда нашарлап кеткен
болатын. Иса туралы естіген сол әйел халықтың арасымен өтіп, Оның арт
жағынан келіп, киіміне қолын тигізді. Өйткені ол: «Ең болмаса киіміне
қолымды тигізсем, жазыламын», – деген еді. Сол сәтте әйелдің қаны
тоқтап, ол ауруынан сауыққанын сезді. Сол уақытта Иса да бойынан күш
шыққанын сезіп, халыққа бұрылып: «Киіміме қолын тигізген кім?» – деп
сұрады.
Шәкірттері Оған: «Өзіңді халық қыспақтап жатқанын көре тұра, «Маған
қолын тигізген кім?» дегенің қалай?» – деді. Бірақ Иса мұны кім
істегенін көру үшін айналасына қарады. Өзіне не болғанын білген әйел
қорыққаннан қалтырап, жақындап келіп, Оның аяғына жығылып, бар шындықты
айтты. Ал Иса: «Қызым! Сені сенімің құтқарды.
Тыныштықпен бара бер, ауруыңнан сауықтың», – деді.
Өміріңізде сізді қуаныш пен жақсылықтан айыратын шешілмейтін мәселе бар ма? Оны өз күшіңізбен шеше аламын деп ойлайсыз ба? Олай болмаса, Исаға жүгініңіз! Науқас әйел емделудің барлық жолдарын көрді, бірақ барлығы сәтсіз аяқталды, соңында біреуі ғана қалды және бұл ең дұрыс шешім болып шықты! Бұдан қандай сабақ аламыз? Әйелдің сауығып кетуіне не себеп болды? Неге әйел емделгеннен кейін, Иса оған «құтқарылдың» деп айтты? Исаның өміріңізді өзгерте алатынына шынайы сенуге және құтқарылу үшін Оған бет бұруға дайынсыз ба?
ҚҰДАЙДЫҢ СӨЗІ – ӨМІР НАНЫ
Матай жазған ізгі хабар 4:1-11
... Сонда Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға алып барды. Иса қырық күн, қырық түн ауыз бекітіп, соңында әбден ашықты. Сонда азғырушы Оған жақындап: «Егер Құдайдың Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп айт», – деді. Ал Иса былай деп жауап берді: «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді» деп жазылған ғой!» Бұдан кейін шайтан Оны қасиетті қалаға апарып, ғибадатхананың төбесіне тұрғызып, Оған: «Егер Құдайдың Ұлы болсаң, төмен қарай секір, өйткені «Ол Сен жайлы періштелеріне бұйрық береді, аяғың тасқа сүрінбеуі үшін, олар Сені қолдарында алып жүреді» деп жазылған», – деді. Иса оған: «Құдайың Жаратқан Иені сынаушы болма!» деп те жазылған», – деді. Содан соң шайтан Оны өте биік тауға алып шығып, әлемнің бүкіл патшалықтары мен олардың даңқын көрсетіп: «Егер аяғыма жығылып, маған тағзым етсең, осының бәрін Саған беремін», – деді. Сонда Иса оған: «Менен ары кет, шайтан! «Құдайың Жаратқан Иеге табынып, Оған ғана қызмет ет» деп жазылған ғой», – деді. Сонда шайтан Исаның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет етті.
Сіздің Киелі кітапқа деген көзқарасыңыз қандай? Бұл Құдай Сөзі екеніне сенесіз бе? Иса Құдайдың сөзін күнделікті нанға қарағанда әлдеқайда маңызды рухани азық деп айтады. Сынақтардан төзімділікпен өту үшін Құдай Сөзін біліп, оны қолданысқа алып, оған мойынсұну керек. Неге дүниеде зұлымдық көп және неліктен Құдай ештеңе жасамайды деп ойлаған кезіңіз болды ма? Сіз Жаратушыны сынап, Одан қандай да бір кереметтер жасауын сұрадыңыз ба? Олай болса, абай болыңыз. Иса Құдайды сынаудың қажеті жоқ екенін, Оның ізгілігіне, киелілігіне және әділдігіне күмәнданбау керектігін айтады. Нені таңдар едіңіз: дүниенің бар байлығына ие болып, жаныңыздан айырылғанды ма әлде өміріңізді Құдайға тапсырып, Оның кешірімі мен мәңгілік өмірге ие болғанды ма? Иса Өзінің не таңдайтынын анық көрсетті. Ал сіз не таңдайсыз?
ЖОҒАРЫДАН ТУЫЛУҒА ТИІССІҢДЕР
Жохан жазған ізгі хабар 3:1-18
Парызшылдар арасында яһудилердің Нікөдем деген бір басшысы болды.
Ол түнде Исаға келіп, Оған: «Раббы! Сенің Құдайдан келген Ұстаз
екендігіңді білеміз. Себебі Сен жасаған кереметтерді Құдайдың
қолдауынсыз ешкім жасай алмайды», –деді. Иса оған:
«Саған маңызды шындықты айтамын: кімде-кім жоғарыдан туылмаса,
Құдайдың Патшалығын көре алмайды», – деп жауап берді. Нікөдем Оған: «Қартайған адам қалай қайтадан туыла
алады? Шешесінің құрсағына қайта еніп, екінші рет туылуы мүмкін бе?» –
деді. Иса былай деп жауап берді: «Саған маңызды шындықты айтамын:
кімде-кім судан және Рухтан туылмаса, Құдайдың Патшалығына кіре алмайды.
Тәннен – тән, ал Рухтан – рух туылады. Менің «жоғарыдан туылуға
тиіссіңдер» дегеніме таңданба.
Жел қалаған жерінде соғады. Оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп,
қайда кеткенін білмейсің. Рухтан туылған әрбір адаммен де солай болады».
Нікөдем Оған: «Бұл қалай болуы мүмкін?» – деді. Иса оған жауап беріп
былай деді: «Сен Исраилдің ұстазы бола тұра, осыны да білмейсің бе?
Саған маңызды шындықты айтамын: Біз білгеніміз туралы айтамыз,
көргеніміз туралы куәлік етеміз, бірақ сендер Біздің куәлігімізді қабыл
алмайсыңдар. Мен сендерге жердегі нәрселер туралы айтқанда сенбесеңдер,
онда аспандағы нәрселер туралы айтсам, қалай сенесіңдер? Аспаннан келген
Адам Ұлынан басқа ешкім аспанға көтерілген жоқ.
Мұса шөлдалада жыланды жоғары көтергендей, Адам Ұлы да жоғары көтерілуі
тиіс. Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады.
Құдай адамзатты қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа
берді. Енді Оған сенуші әркім өлмей, мәңгілік өмірге ие болады. Құдай Өзінің Ұлын дүниені соттау үшін емес, қайта Ол арқылы құтқару
үшін жіберді. Оған сенуші адам сотталмайды. Ал сенбейтін адам әлдеқашан
сотталған, өйткені ол Құдайдың жалғыз Ұлына сенбеді.
Иса дін мұғалімі Нікөдеммен әңгімелескенде, адам санасынан жоғары және көзге көрінетін әлемнен тыс тақырыптарды қозғайды. Адамға қайта туылу керек, яғни рухани туылу қажет. Мұндай туылу Құдайдың қатысуынсыз мүмкін емес. Ал кім рухани туылмаса, сол жанынан айырылады. Адам рухани туылу үшін, Құдай біздің әлемге Исаны жіберді. Ол арқылы бізге Құдайдың әлеміне, Оның Патшалығына, жол ашылады. Сіз Рухтан туылдыңыз ба? Сізде Құдай Өзінің Ұлы Иса Мәсіх арқылы сыйлаған сүйіспеншілікке толы өмір бар ма?
АСПАНҒА КӨТЕРІЛГЕН ИСА ҚАЙТА КЕЛЕДІ
Елшілердің істері 1:1-11
... Исаның басынан бастап Өзі таңдаған елшілеріне Киелі Рух
арқылы бұйрықтарын беріп, аспанға көтерілгенге дейін істегендерінің және
үйреткендерінің бәрін түгел жаздым. Азап тартып өлгеннен кейін, қырық
күн ішінде Иса оларға көрініп, Құдайдың Патшалығы туралы айтып, Өзінің
тірі екенін көптеген сенімді дәлелдер арқылы көрсетті.
Бірде Иса оларды жинап, мынадай бұйрық берді: «Иерусалимнен кетпеңдер,
Әкенің уәдесінің орындалуын күтіңдер. Мен сендерге сол туралы айтқан
едім ғой. Өйткені Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал сендер
бірнеше күннен кейін Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар».
Сондықтан олар жиналып, Исадан: «Жаратқан Ие, Исраил патшалығын қайта
орнатасың ба?» – деп сұрады. Иса оларға: «Әке Өз билігімен белгілеген
уақыттар мен мезгілдерді білу сендерге бұйырмаған. Бірақ Киелі Рух
сендерге қонған кезде, Оның құдіретін қабылдап, Иерусалимде, бүкіл
Яһудеяда, Самарияда және жердің шетіне дейін Менің куәгерлерім
боласыңдар», – деді. Осыны айтып, Иса олардың көз алдында жоғары
көтеріліп кетті, бір бұлт Оны көзден таса қылды. Олар аспанға кө-теріліп
бара жатқан Исаға қарап тұрғанда, кенеттен ақ киімді екі ер адам
қастарында пайда болып: «Ғалилеялықтар! Неге аспанға қарап тұрсыңдар?
Сендердің араларыңнан аспанға көтерілген Иса өздерің көргендей қалай
көтерілсе, дәл солай қайтып келеді», – деді.
Бір күні Иса Мәсіх өзінің ізбасарларын Көктегі Отанға алып кету үшін жерге қайта келетінін білесіз бе? Барлық мәсіхшілер - Исаның қауымы, Киелі Рух арқылы қайта туылғандардың қауымы. Сіз Мәсіхтің қауымының бір бөлігісіз бе? Исаның екінші рет келуін күтудесіз бе? Ол сізді Өзімен бірге алып кетеді ме? Солай болуы үшін тәубе етіп, Исаға сеніммен бет бұрып, сиыну қажет. Сондай-ақ рухани қайта туылып, Киелі Рухқа кенеліп, Ол екінші рет келгенге дейін Мәсіхтің шәкірті болу керек.
ӘЛЕМНІҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫНЫҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ
Сол күндері кесарь Август елдің бүкіл тұрғынын санақтан өткізу
жайлы жарлық шығарды. Бұл Сирияны Кирини басқарған кездегі алғашқы халық
санағы болатын. Сонда тізімге тіркелу үшін, әркім өз қаласына барды.
Жүсіп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан шығып, Яһудея аймағына, Дәуіттің
қаласы Бетлехемге жолға шықты. Өйткені ол Дәуіттің әулеті мен руынан
шыққан еді. Ол жүкті әйелі Мәрияммен бірге санақтан өтпек болды. Олар
Бетлехемде болғанда, Мәриямның босанатын уақыты келіп, тұңғыш Ұлын туды.
Оны құндақтап, ақырға салды. Өйткені қонақүйде оларға орын болмады.
Сол өңірде далада түнеп, отарларын күзеткен бақташылар болды. Кенеттен
оларға Жаратқан Иенің періштесі келіп, олардың айналасы-на Жаратқан
Иенің салтанаты нұрын шашты. Бақташыларды қатты қорқыныш биледі. Періште
оларға мынаны айтты:
«Қорықпаңдар! Мен сендерге адамдардың бәріне ортақ ұлы қуанышты
жариялаймын: бүгін Дәуіттің қаласында сендерге Құтқарушы туылды. Ол –
Жаратқан Ие Мәсіх. Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда
құндақтаулы жатқан Нәрестені табасыңдар». Кенеттен періштенің қасына үлкен аспан әскері келіп, Құдайды былай
деп мадақтады: «Аспандағы Құдай мадақталсын! Жер үстінде, Құдайға ұнамды
адамдар арасында тыныштық болсын!» Періштелер аспанға көтерілгенде,
бақташылар бір-біріне: «Бетлехемге барайық! Жаратқан Иенің бізге жария
еткеніндей, не болғанын көрейік», – десті. Олар тездетіп барып,
Мәриямды, Жүсіпті және ақырда жатқан Нәрестені тапты. Оны көріп,
бақташылар Нәресте жөнінде жарияланған хабарды айтып берді. Сонда
естігендердің барлығы бақташылардың айтқандарына таңғалды. Ал Мәриям осы
сөздерді көңіліне түйіп, есінде сақтады. Бақташылар көріп-естігендерінің
барлығы өздеріне айтылғандай болғаны үшін Құдайды даңқтап, мадақтап,
қайтып кетті.
Исаның туылу күні туралы оқиғалардан бері екі мың жыл уақыт өтті, бірақ әлемнің Құтқарушысының дүниеге келгені туралы хабар әлі күнге дейін барлық жерде таралуда. Сол кездегідей, бүгін де әрбір адам Бетлехемдегі құтқарылу жұлдызы жарқырап тұрған жерге сеніммен қарай алады. Ал бүгін біз, сол бақташылар сияқты, Ізгі хабарды естіп, Нәрестеге барып, Ол арқылы құтқарылу таба аламыз. Исаның туылуы туралы оқиға сізде қандай ойлар мен сезімдерді тудырады? Бұл оқиға сіздің өміріңізге қалай әсер етеді? Иса сіздің жүрегіңізден орын таба аладыма? Құдайдың бізге деген мейірімі үшін және көктен келген тамаша сыйлық – Құтқарушы Исаның туылғаны үшін Оған ризасыз ба?