Жоханның 1 хаты 2 Тарау
1 Балаларым менің, сендер күнә жасамасын деп осыны жазып отырмын. Алайда егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар. Сол Қорғаушымыз — Иса Мәсіх.
2 Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді. Өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын өтеді.
3 Егер Құдайдың өсиеттерін орындасақ, Құдайды жақыннан танитынымызды білеміз.
4 Құдайды танимын дей тұра, Оның өсиеттерін орындамайтын кісі — өтірікші, соның жан дүниесінен шындық орын алған жоқ.
5 Құдайға деген сүйіспеншілік Оның сөзін орындаған кісіде шын мәнінде толық болып, мақсатына жетті. Құдаймен тығыз байланыста екенімізді мынаған қарап білеміз:
6 Онымен қатынаста тұрмын дейтін кісі Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруге тиіс.
7 Сүйікті бауырларым, сендерге жазып отырғаным — жаңа өсиет емес, өздеріңе бастапқыдан белгілі көне өсиет. Осы көне өсиет — сендер Исаға сене бастаған сәтте-ақ естіген хабарларың.
8 Дегенмен сендерге жаңа өсиет те жазып отырмын: ол бұрын Мәсіхтің өмірінде, қазір сендердің өмірлеріңде іске асуда. Себебі түнек түріліп, шынайы жарық нұрын шашып келе жатыр.
9 Нұрда жүрмін дей тұра, бауырын жек көретін кісі әлі де түнекте жүр.
10 Ал бауырын жақсы көрген әркім нұрда жүріп, азғырылуға түспейді де, өзгені азғырмайды да.
11 Бауырын жек көретіннің жүріс-тұрысы түнекте, ол қайда кетіп бара жатқанын білмейді. Себебі түнек оның жан дүниесін соқыр қылып қойған.
12 Балаларым менің, Исаның құрбандығы арқасында күнәларың кешірілгендіктен сендерге осыны жазып отырмын.
13 Рухани жағынан әке болғандар, өздеріңе осыны жазып отырмын, өйткені сендер әуел баста бар болған Мәсіхті білесіңдер. Рухани жағынан жастар, өздеріңе осыны жазып отырмын, өйткені сендер әзәзілді жеңіп шықтыңдар. Рухани жағынан балалар, өздеріңе осыны жаздым, өйткені сендер көктегі Әкені білесіңдер.
14 Әке болғандар, өздеріңе осыны жаздым, себебі сендер әуел баста бар болған Мәсіхті білесіңдер. Жастар, өздеріңе осыны жаздым, өйткені сендер күштісіңдер, әрі Құдайдың сөзі жан дүниелеріңнен орын алып, әзәзілді жеңіп шықтыңдар.
15 Осы күнәлі дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ.
16 Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы әрі тұрмысына мастануы көктегі Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған.
17 Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушылар мәңгі өмір сүреді.
18 Балаларым менің, қазіргі уақыт — осы заманның соңғы дәуірі. Сендер Мәсіхке қарсы шығатын біреу келеді деп естідіңдер, ал қазірдің өзінде де Мәсіхке қарсы шығатын адамдар көп. Біз осыдан-ақ соңғы дәуірдің келгенін біле аламыз.
19 Олар ортамыздан шықса да, біздікі болған жоқ, өйткені егер біздікі болса, бізбен бірге қалар еді. Бұлардың бәрінің біздікі болмағандықтары осылайша білініп қалды.
20 Киелі Құдай сендерге Өзінің Рухын қондырғандықтан барлығын ажырата білесіңдер.
21 Сендер шынайы ілімді білмегендіктен емес, қайта, оны біліп, шындықтан өтірік тумайтынын да ұққандарыңа бола осыны жазып отырмын.
22 Исаның Құдай жіберген Мәсіх екендігін мойындамайтын әркім — өтірікші. Көктегі Әкені және Оның рухани Ұлын мойындамайтындар — Мәсіхке қарсы шығушылар.
23 Кім Ұлды мойындамаса, оның Әкеге қатысы жоқ. Ал кім Ұлды мойындаса, соның Әкеге де қатысы болады.
24 Сондықтан бастапқыдан естіген шынайы ілімді ұстаныңдар! Егер осылай істесеңдер, онда Ұлмен және Әкемен тығыз байланыста өмір сүресіңдер.
25 Ал Құдайдың бізге берген уәдесі — мәңгілік өмір.
26 Осыны дұрыс жолдан азғырушылардан сақтандыру үшін жазып отырмын.
27 Ал сендерге келсек, Құдайдан алған Киелі Рух өздеріңде қалады. Сол себептен сендерге жаңа ілім үйрететін біреудің қажеті жоқ, өйткені қажеттілердің бәрін де Киелі Рух үйретеді. Оның сендерге үйреткендері еш өтіріксіз, шынайы, сондықтан Киелі Рухтың үйреткені бойынша әрекет ете беріңдер.
28 Ал енді, балаларым менің, Мәсіхпен тығыз байланыста қала беріңдер! Сонда Ол қайтып келгенде нық сеніміміз болып, Оның алдында ұятқа қалмаймыз.
29 Құдайдың әділ екенін білесіңдер, сондықтан әділдік істейтін әркімнің рухани мағынада Құдайдан туғанын ұғасыңдар.