мәзір

Марқа Ізгі хабар 16 Тарау


1 Сенбі күні өткеннен кейін мағдалалық Мәриям, Жақыптың шешесі Мәриям және Салома Исаның сүйегіне май жағу салтын орындай алу үшін иісмайлар сатып алды.

2 Олар жексенбі күні ертемен, күн шыға қабірге бара жатқанда:

3 «Бізге қабір аузындағы қақпақ тасты кім домалатып ашып берер екен?» — десті.

4 Олар келіп қараса, тастың домалатылып, былай қойылғанын көрді. Ал тас тым үлкен болатын.

5 Ішке кірген әйелдер оң жақта отырған ақ киімді бір жас жігітті көріп, абыржып қорқып кетті.

6 Бірақ періште оларға қарап былай деді: — Қорықпаңдар! Айқышқа шегеленіп өлген назареттік Исаны іздеп жүрсіңдер ғой. Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті! Оның қойылған орнын қараңдар!

7 Енді барып, Оның шәкірттеріне және Петірге мынаны жеткізіңдер: Иеміз сендерден бұрын Ғалилеяға барады. Сендерге Өзі айтқандай, сол жерден Оны көресіңдер.

8 Әйелдер бойларын қорқыныш билеп, қатты дірілдеп қабірден шықты да, қаша жөнелді. Зәрелері ұшқан олар сол сәтте басқа ешкімге ештеңе айтпады.

9 Иса жексенбі күні таң сәріде қайта тірілгеннен кейін ең алдымен мағдалалық Мәриямға көрінді. Бір кезде Иса оның бойынан жеті жынды қуып шығарған болатын.

10 Мәриям Исаға еріп жүрген, ал қазір Оны жоқтап аза тұтқан шәкірттеріне барып, оларға бұл хабарды жеткізді.

11 Алайда олар Мәриямның: «Иса тірі! Мен Оны көрдім!» дегенін естігенде нанбады.

12 Бұдан кейін Иса шәкірттерінің екеуіне бір ауылға кетіп бара жатқан кездерінде жолшыбай басқа бір кейіпте көрінді.

13 Олар қайта оралып келіп, қалған шәкірттеріне айтып берді, алайда солар бұл екеуіне де сенбеді.

14 Ақыр соңында, кешкі асқа отырған кездерінде, Иса он бір елшісінің өздеріне де көрінді. Оларға қайта тірілген Өзін көргендерге нанбай, қиқарлық танытқандары үшін наразылық білдірді.

15 Иса оларға тағы былай деді: «Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар!

16 Кім сеніп, шомылдыру рәсімінен өтсе, сол құтқарылады. Ал кім сенбесе, сотталады.

17 Сенушілер Құдайдың құдіретін көрсететін мынадай кереметтерді істемек: олар Менің атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тілдерде сөйлейді.

18 Егерде қолдарымен улы жылан ұстап не у ішіп қойса, содан ешқандай зақым көрмейді. Ауру адамдардың үстіне қолдарын қойса, олар сауығып кетеді».

19 Сонымен Иеміз Иса олармен сөйлесіп болған соң көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына жайғасты.

20 Ал шәкірттері барлық жерлерге барып, Ізгі хабарды жариялап жүрді. Иеміз оларға жар болып, Өзінің құдіретін көрсететін кереметтері арқылы уағыздалған хабарды растап бекітті. (Аумин)

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16