Матай Ізгі хабар 17 Тарау
1 Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты.
2 Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты.
3 Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен сөйлесті.
4 Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын», — деп тіл қатты.
5 Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
6 Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті.
7 Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды.
8 Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді.
9 Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды.
10 Кейінірек шәкірттері Оған: — Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс» деулері қалай? — деген сұрақ қойды.
11 Иса: — Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас.
12 Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді.
13 Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді.
14 Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді:
15 — Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды.
16 Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. —
17 Сонда Иса: — Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай! Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді.
18 Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті.
19 Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп: — Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады.
20 Иса оларға былай деді: — Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді.
21 (Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.)
22 Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді!
23 Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды.
24 Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын жинайтындар Петірге келіп: — Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол:
25 — Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап: — Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе? — деген сұрақ қойды.
26 — Бөтендерден. — Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса.
27 — Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28