Таңдауы ән | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Таңдауы ән 3 Тарау

жылдам өту:

1 (Қалыңдық:) Түні бойы мен төсек-орнымнан Ғашығымды тосып, таба алмағам.

2 Кәне, мен тұрып, аралайын Қаланың көше, алаңдарын! Бірақ таба алмадым сандалғанмен, Көп іздеп бекер жүрдім мен.

3 Қарауылдар маған тап болды, Аралап жүрді олар қаланы. «Көрдіңіздер ме жан досымды?» Деп сұрап іздедім сүйген жарымды.

4 Мезгілде қастарынан сәл-ақ өткен Кездестірдім жарымды жаным сүйген! Оны ұстап алып жібермедім, Анашымның үйіне алып келдім, Өз шешемнің бөлмесіне кіргіздім.

5 Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын, Елік пен бұғының аттарын атаймын: Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін! (Құрбылары:)

6 Даладан өрлеп келе жатқан бұл кім екен, Түтін бағанындай, мүрдей жұпар затпенен, Саудагердің алуан дәмдеуіш ұнтақтарымен?

7 Мұнда қара, өз күймесінде Сүлеймен Келе жатыр алпыс мықты жігітімен, Исраилдің таңдаулы ерлерімен!

8 Семсері белінде асынған бәрінің, Шайқаста көрсеткен өз ерліктерін, Бұл жігіттер түнгі қауіп-қатерге дайын.

9 Құнды ағашынан Ливан тау-төбесінің Жасатыпты Сүлеймен патша өз күймесін,

10 Оның бағандарын күміспен жалатқан, Һәм оның негізін алтыннан жасатқан, Отырғышын қырмызы матамен қаптатқан. Күйменің ішін Иерусалимнің қыздары Бар ықыласпен безендіріп дайындады. (Қалыңдық:)

11 Уа, сиондық қыздар, шығыңдар, кәне, Қараңдар Сүлеймен патшаның тәжіне: Оған анасы кигізген тәжіне Оның неке қиған осы күнінде, Жүрегі шаттыққа кенелген кезінде!

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8