Ғалаттықтарга хат 2 Тарау
1 Он төрт жылдан кейін мен тағы да Иерусалимге аттандым. Бұл жолы Барнабамен бірге барып, Титті де ертіп алдым.
2 Осы сапарға Иеміздің тікелей білдіруімен шықтым. Иерусалимде мен, әсіресе, қауымның беделді кісілерімен жеке сөйлесіп, оларға өзім басқа ұлт адамдарына уағыздап жүрген Ізгі хабардың мазмұнын айтып бердім. Ондағы мақсатым қазіргі әрі бұрынғы еңбектерімнің зая кетпеуі еді.
3 Ал менің уағыздарыммен бұлардың келіскендері сондай, қасымдағы Титтің грек болғандығына қарамастан, олар оның сүндеттелуін талап етпеді.
4 Мұны екіжүзділікпен кіріп кеткен жалған «бауырластар» ғана талап етті. Олар Иса Мәсіхтің жолындағы біздің рухани еркіндігіміздің ізіне түсіп, Таурат заңына бағындыру үшін қауымдарға ұрланып еніп алған еді.
5 Алайда біз оларға бір сәтке де көніп, бағынған емеспіз. Өйткені Ізгі хабардың шындығын сендерге тап-таза күйінде қалдыруды көздедік.
6 Ал беделділерге келсек, беделдерінің қандай екені мен үшін онша маңызды емес, Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды ғой: олар маған ерекше міндеттер жүктеген жоқ.
7 Керісінше, Ізгі хабарды яһуди халқына уағыздау Петірге қалай тапсырылған болса, Ізгі хабарды басқа халықтарға уағыздаудың маған да солай аманатталғандығына көздері жетті.
8 Өйткені Петірдің яһудилер арасындағы елшілік қызметін қолдаған Құдай менің басқа халықтар арасындағы қызметіме де жар болды.
9 «Қауымның тіректері» деп саналатын Жақып, Петір және Жохан Құдайдың маған берген рухани дарынын мойындап, менімен және Барнабамен қол алысып, қатынасымызды бекіттік. Сонымен біз Ізгі хабарды басқа халықтарға, ал олар оны яһуди халқына алып барсын деп келістік.
10 Олар бізден тек қана мұқтаж сенушілерге көмектесуді ұмытпауымызды өтінді. Ал мен дәл осыны істеуге зор ынтамен ұмтылып келемін.
11 Бірақ Петір Антақияға келген соң, оған ашық қарсы шығуым қажет болды. Өйткені оның қылығы айыптауға тұрарлық еді:
12 алғашқыда Петір сүндеттелмеген басқа ұлттық сенушілермен дастарқандас болып жүрген еді. Алайда (Иерусалимдегі қауымның жетекшісі) Жақыптан бірқатар яһудилер келгеннен кейін, Петір басқа ұлттық сенушілерден тартыншақтап, алшақтай бастады. Себебі ол сүндеттеуді талап ететін әлгі яһудилер жақтырмай жүрер деп қаймықты.
13 Петірмен бірге қауымдағы басқа яһудилер де сондай тұрақсыздық танытты. Тіпті Барнаба да оларға еріп адасып кетті.
14 Мен солардың Ізгі хабардың шындық жолынан тайып кеткендіктерін көргенде, бәрінің алдында Петірге тіл қатып былай дедім: «Сіз яһуди болсаңыз да, яһудилердің дәстүрлерін орындамай, бірге тұрған басқа ұлттық сенушілер сияқты өмір сүріп келдіңіз. Енді қалайша бұл сенушілерді яһуди дәстүрлерін ұстануға зорламақсыз?!
15 Яһуди болып туған біздер «басқа ұлттық күнәкарлар» болмасақ та,
16 адамдардың Таурат заңын ұстану арқылы емес, тек Иса Мәсіхке деген сенімдерімен ғана Құдай алдында ақталатынын білеміз. Сондықтан біз де Таурат заңын орындаудың арқасында емес, Мәсіхке сенуіміз арқылы ақталу үшін сенімімізді Мәсіх Исаға арттық. Себебі заңды орындаумен ешбір адам ақтала алмайды».
17 Егер Мәсіхтің арқасында ақталғымыз келген біз (яһуди дәстүрлерін ұстанбағанымыз үшін) әлі де күнәкар болып есептелсек, онда Мәсіхке деген сенімнің бізді бәрібір күнәлі жағдайымызда қалдырғаны емес пе? Жоқ, мүлдем олай емес!
18 Себебі Таурат заңын орындау арқылы ақталамыз деген пікірді жойып келген мен оны қайтадан қалпына келтірсем, онда өзімді заң бұзушы күнәкар етіп көрсеткен болар едім.
19 Адам өлгенде заңға бағынудан босайтыны сияқты, мен де Таурат заңы бойынша өлімге кесіліп, сол заңды орындаудан босатылдым. Ондағы мақсат — менің Құдай үшін өмір сүруім. Мен рухани жағынан Мәсіхпен бірге айқышқа шегеленіп өлдім,
20 сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсіх өмір сүруде. Ендігі тәндік өмірім — Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен, Өзін мен үшін құрбан етті!
21 Осылайша Құдайдың рақымын жоққа шығармай, соған ғана сүйенемін. Себебі егер Таурат заңын орындау арқылы ақтала алсақ, онда Мәсіхтің Өзін өлімге қиғаны бекер болғаны!