мәзір

Ғалаттықтарга хат 6 Тарау


1 Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар. Ал өздерің де азғырылудан сақ болыңдар!

2 Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар.

3 Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып, ерекшемін деп көкірегін көтеріп, көмектесуден бас тартса, сол өзін-өзі алдайды.

4 Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады.

5 Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс.

6 Құдай сөзінен тәлім алушылар қолда бар игіліктерін ұстаздарымен бөліссін!

7 Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. «Адам не ексе, соны орады» дейді.

8 Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдайдың Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады.

9 Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз.

10 Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!

11 Енді сендерге өз қолыммен, үлкен әріптермен жазып отырғандарыма қараңдар!

12 Адамдарға ұнағысы келетіндер сендерді сүндетке отыруға мәжбүр етпек. Олардың мақсаты — яһуди діндарлардың өздерін Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы арқылы ақталамыз деген Ізгі хабар үшін қудаламаулары ғана.

13 Өйткені сүндеттелгендердің өздері Таурат заңын орындамайды, тек тәндеріңе жасаған сол рәсімге мақтанулары үшін сендердің сүндетке отыруларыңды қалайды.

14 Мен болсам, Иеміз Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімінен басқа еш нәрсеге де мақтанбай-ақ қояйын. Себебі Оның айқыштағы құрбандығының салдарынан осы күнәкар дүние мен үшін, ал мен ол үшін жоқпын.

15 Енді сүндеттелу мен сүндеттелмеуде тұрған ештеңе жоқ, мәселе Құдайдың адамды жаңадан жаратуында.

16 Осы ережемен өмір сүргісі келетіндердің бәріне, яғни «Құдайдың рухани Исраил халқына», тыныштық пен қайырымдылық болсын!

17 Бұдан былай маған ешқайсыларың осы мәселемен ауыртпалық түсірмеңдер. Иеміз Исаның «таңбасы» ретінде денемдегі жараларымның орындары Оның басыбайлы қызметшісі екенімді білдіреді.

18 Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін, бауырластарым! Аумин.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6