Жохан Ізгі хабар 13 Тарау
1 Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті.
2 Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді.
3 Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді.
4 Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады.
5 Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
6 Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол: — Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады.
7 Иса оған: — Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді.
8 Петір: — Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса: — Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап берді.
9 Сонда Шимон Петір: — Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап:
10 — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді.
11 Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты.
12 Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса: — Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды.
13 — Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын.
14 Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер!
15 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім.
17 Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!
18 — «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін.
19 Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме сендер сенсін деймін.
20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса.
21 Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
22 Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты.
23 Исаның жақсы көретін шәкірті дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді.
24 Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді.
25 Анау Исаға бұрылып: — Мырза, сол адам кім? — деп сұрады.
26 Иса: — Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді.
27 Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды. Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді.
28 Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ.
29 Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады.
30 Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді.
31 Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді: — Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді.
32 Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады.
33 Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.
34 Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер!
35 Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады.
36 Шимон Петір: — Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса: — Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді.
37 Петір: — Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! —
38 Иса оған былай жауап берді: — Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21