мәзір

Жохан Ізгі хабар 6 Тарау


1 Біраз уақыт өткеннен кейін Иса Ғалилея көлінің шығыс бетіне жөнелді. Сол көл Тіберия көлі деп те аталады.

2 Исаның ауруларға жасаған кереметтерін көргендіктен көп халық Оған ерді.

3 Ол тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды.

4 Бұл яһуди халқының Құтқарылу мейрамының қарсаңы болатын.

5 Иса басын көтеріп қарағанда, қарақұрым халықтың Өзіне қарай ағылып келе жатқанын көрді. Содан Иса Філіпке: — Бұларды тамақтандыратын нанды қайдан сатып аламыз? — деді.

6 Иса осы сөзін оны сынау үшін айтты, себебі не істемекші болғанын Өзі біліп тұрды.

7 Філіп Оған: — Бізде тіптен екі жүз күндік жалақыға келетін нан болып, әркім бір жапырақтан ғана жегеннің өзінде бәріне бірдей жетпес еді, — деп жауап берді.

8 Сонда басқа бір шәкірті, Шимон Петірдің інісі Әндір, Исаға былай деді:

9 — Осында бір бала жүр, оның бес күлше арпа наны мен екі кепкен балығы бар. Бірақ олар осынша көп кісіге не болады? —

10 Ал Иса: — Адамдарды жайғастырып отырғыза беріңдер! — деп тапсырды. Сол жерде шөп қалың болып, бес мыңдай ер адам жайғаса алды.

11 Иса күлшелерді алып, шүкірлік етті де, жайғасқандарға үлестірді; кепкен балықтардан да жұртқа қалағандарынша берді.

12 Бәрі жеп тойған соң, Иса шәкірттеріне: «Босқа ысырап болмас үшін нанның қалдықтарын жинап алыңдар», — деді.

13 Олар жұрт жеген бес күлше арпа нанының қалдықтарын жинап, он екі себетті толтырды.

14 Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде: — Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — десті.

15 Иса олардың Өзін патша ету үшін келіп, кенеттен ұстап алмақшы болғанын білді. Содан Ол тағы да жалғыз Өзі қыратты жерге қарай кетіп қалды.

16 Кешке Исаның шәкірттері көл жағасына ылдилап барды.

17 Сол жерде бір қайыққа мініп, көлдің батыс жағындағы Қапарнаумға қарай бет алды. Қараңғы түскен кез еді, ал Иса оларға әлі келген жоқ болатын.

18 Сонда қатты жел соғып, көлдің астан-кестені шығып, толқи бастады.

19 Шәкірттер бес-алты шақырымдай қайықпен жүргеннен кейін, кенеттен көл бетімен жаяу жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көрді. Олар қорқып кетті,

20 ал Иса: «Қорықпаңдар, келе жатқан Менмін ғой!» — деп көңілдерін орнықтырды.

21 Сонда шәкірттері Оны қайыққа мінгізіп алғылары келді. Сол сәтте-ақ қайық олар бет алған жағаға жетіп қалды.

22 Келесі күні көлдің шығыс бетінде қалған халық Исаның шәкірттері мінген жалғыз қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын естеріне түсірді. Олар Исаның шәкірттерімен бірге қайыққа мінбей, тек шәкірттерінің өздерінің ғана кетіп қалғанын жақсы білетін.

23 Ал Иеміз шүкірлік еткеннен кейін халық нан жеп тойған кешегі жерге басқа да қайықтар Тіберия қаласынан жақындап келіп жатты.

24 Иса мен шәкірттерінің бұл жерде жоқ екеніне көздері жеткен жұрт сол себептен әлгі қайықтарға мініп, Исаны іздеп Қапарнаумға беттеді.

25 Олар Оны көлдің батыс бетінен тапқанда: — Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз? — деп сұрады.

26 Иса былай деп жауап берді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Құдайдың өздеріңе кереметтер арқылы не білдіргенін түсінгілерің келмейді. Тек нан жеп тойып алғандықтан ғана Мені іздеп жүрсіңдер.

27 Өткінші тамаққа емес, мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылыңдар! Оны сендерге көктен келген Мен ғана бере аламын, өйткені Құдай Әке Маған билігін берді. —

28 Сонда олар: — Құдайдың еркін іске асыру үшін не істеуіміз керек? — деп сұрады.

29 Иса: — Ол Жібергенге сеніңдер, Құдайдың еркі сол, — деп жауап берді.

30 Олар: — Өзіңізді Құдай жібергеніне көзімізді жеткізіп, сенуіміз үшін қандай керемет көрсетесіз, не істейсіз?

31 «Оларға жейтін нанды аспаннан жіберді» деп (Забурда) жазылғандай, ата-бабаларымыз айдалада тәтті нан жеп жүрді, — деді.

32 Иса: — Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сол заманда көктен нан берген — Мұса пайғамбар емес, Менің Әкем. Қазір де Әкем сендерге көктен шынайы «нанды» ұсынып тұр.

33 Себебі көктен түсіп, адамзатқа өмір Беруші — «Құдайдың наны», — деп жауап қайтарды.

34 Олар: — Мырза, бізге әрқашан осындай нан беріп тұрыңызшы! — деп өтінді.

35 Сонда Иса оларға былай деді: — Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін. Маған келгендер рухани нәрден тарықпайды, Маған сенгендер ешқашан шөлдемейді!

36 Бірақ Мен сендерге: «Мені көрдіңдер, алайда сенбейсіңдер» дегенмін.

37 Әкем қарамағыма берген адамдардың барлығы Маған келеді, ал Мен Өзіме келгендерді ешқашан қуып жібермеймін.

38 Себебі өз еркімді емес, Мені жіберген Әкемнің еркін орындау үшін көктен келдім.

39 Ал Әкемнің еркі — Оның қарамағыма берген адамдарының бірде-біреуін тозаққа түсірмей, бәрін де ақырғы күні қайта тірілтуім.

40 Себебі Әкемнің еркі мынау: Өзінің рухани Ұлына назар аударып, сенім артқан барлық адамдарға мәңгілік өмір сыйлау. Мен соларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.

41 Сонда Исаның көктен түскен «нан» Менмін дегеніне діндар яһудилер күңкілдеп наразылық білдірді:

42 — Мынау біз әке-шешесін білетін Жүсіп ұлы Иса емес пе? Онда Ол қалайша «Мен көктен түстім» дейді? —

43 Иса оларға былай деп жауап берді: — Өзара күңкілдеспеңдер!

44 Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.

45 Пайғамбарлар жазбаларында «Бәрі де Құдайдан тәлім алмақ» делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді.

46 Әрине, Құдайдан Келгеннен басқа ешкім Әкені көрген емес, Әкені көрген — тек Сол ғана.

47 Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: кім Маған сенім артса, сол мәңгілік өмірге ие.

48 Шынайы өмір сыйлайтын «нан» Менмін.

49 Ата-бабаларың айдалада тәтті нанды жесе де, ақырында өлді.

50 Бірақ қазір көктен түскен «нан» мынадай: одан «жеген» адам рухани өлімге душар болмайды.

51 Көктен түскен «тірі нан» Менмін. Одан «жеген» әркім мәңгілік өмірге ие болады. Бұл «нан» — Менің денем, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін.

52 Сонда яһудилер өзара: — Бұл Адам қалайша біздің «жеуіміз» үшін өз денесін қиып бере алады? — деп айтыса бастады.

53 Иса оларға былай деді: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің денесінен «жеп», қанынан «ішпесеңдер», сендерде шынайы өмір болмайды.

54 Кімде-кім Менің денемнен «жеп», қанымнан «ішсе», ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.

55 Себебі денем — шынайы рухани «нәр», ал қаным — шынайы рухани «сусын».

56 Денемнен «жеп», қанымнан «ішкен» әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен сондай байланыста тұрамын.

57 Мәңгі тірі Әкем Мені жіберді және Мен Ол арқылы өмір сүремін; сол сияқты денемнен «нәр алған» кісі де Мен арқылы шынайы өмір сүреді.

58 Ендеше, көктен түскен «нан», міне, осындай; ол ата-бабаларымыз жеген тәтті нан сияқты емес: олар ақырында өлген; бірақ осы «рухани наннан нәр алған» әркім мәңгі өмір сүреді. —

59 Иса мұны Қапарнаумдағы мәжілісханада тәлім бергенде айтты.

60 Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады? — десті.

61 Бұл туралы наразылықты байқап қалған Иса оларға былай деді: — Бұл сендердің шымбайларыңа батып тұр ма?

62 Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кездеріңде не айтпақсыңдар?

63 Шынайы өмір Беруші — Киелі Рух, ал тән бұған еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар.

64 Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер. — Себебі Иса сенбейтіндердің кім екенін және Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын әуел бастан-ақ білген еді.

65 Сол себепті Ол былай деді: — «Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды» деп Мен сендерге сондықтан да айттым.

66 Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды.

67 Сонда Иса он екі елшісінен: — Сендердің де кеткілерің келе ме? — деп сұрады.

68 Бұған Шимон Петір: — Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде.

69 Біз Сіздің Құдайдың Киелісі екеніңізге сеніп, соған көзіміз жетті. —

70 Иса оларға: — Осы он екіңді Мен таңдап алған едім. Сонда да іштеріңдегі біреуің әзәзіл шайтанның жетегінде, — деді.

71 Иса Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан еді. Ол сол он екінің біреуі болғанмен, кейін Исаны ұстап берді.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21