Римдіктерге хат 13 Тарау
1 Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға мойынсұныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан.
2 Сондықтан билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыласқандар жазаларын тартатын болады.
3 Билеушілерден жақсылық істегендер емес, жамандық істегендер қорқуға тиіс. Билік иесінен қорықпай жүргің келсе, жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың.
4 Өйткені ол сенің мүддең үшін Құдайға қызмет етуші. Ал егер жамандық істесең, қорыққаның жөн, ол семсерін беліне бекер байлап жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қылмыскерге жазасын тартқызатын қызметшісі ғой.
5 Сонымен, сендер тек жазадан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарыңның таза болуы үшін де мойынсұнуларың керек.
6 Сондықтан да алым-салық төлеп тұрсыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда.
7 Әркімге тиістісін беріңдер: алым-салықты — салықшыларға, кеден салығын — кеденшілерге төлеп, сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсетіңдер.
8 Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны.
9 «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; басқаның иелігіне сұқтанба!» және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
10 Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік көрсету — Құдайдың заңын орындау.
11 Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр.
12 Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!
13 Күндізге жарасатындай әдетпен өмір сүрейік: шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке, неке адалдығын бұзуға, азғындыққа, дау-дамайға әрі күндестікке салынбайық!
14 Одан да Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәлі құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!