мәзір

Римдіктерге хат 4 Тарау


1 Ал енді түп атамыз Ыбырайым туралы не дейміз? Ол осы мәселеде не тапты?

2 Егер Ыбырайым өз игі істері арқылы ақталған болса, онда ол мақтана алар еді; бірақ Құдай алдында емес.

3 Тауратта: «Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сондықтан Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.

4 Мысалы, егер біреу еңбек етсе, онда ол жалақыны сый ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады.

5 Ал егер адам Құдай алдында ақталу үшін өзінің игі істеріне сүйенбей, күнәкарды кешіретін рақымды Құдайға сенімін артса, онда ол осы сенімінің арқасында ақталады.

6 Құдай еңбегіне қарамай-ақ ақтаған сондай адамның бақытты екендігін Дәуіт пайғамбар да айтқан:

7 «Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан!

8 Иеміз мойнына кінә артпайтын қандай бақытты әрбір жан!»

9 «Бұл бақыттылық тек сүндеттелген яһудилерге ғана ма, әлде сүндеттелмеген халықтарға да арналған ба?» (Әрине, бұл халықтарға да арналған.) Біз жоғарыда Ыбырайым ата Құдайға артқан сенімінің арқасында ақталды дедік.

10 Ол қашан ақталды: сүндеттелмес бұрын ба, әлде кейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, оған дейін ақталды. (Демек, Ыбырайым осы рәсімді орындау арқылы ақталған жоқ.)

11 Кейінірек қана Құдай Ыбырайымға сүндеттеу рәсімін орындауды бұйырды. Осы рәсім Ыбырайымның Құдайға деген сенімі арқылы ақталғандығын бекітетін белгі іспетті еді. Ал бұл сенім Ыбырайымда сүндеттелмей тұрғанда-ақ болған. Сонымен Ыбырайым — кейінгі замандарда сүндеттелмей-ақ Құдайға сеніп ақталатындардың рухани түп атасы.

12 Бұған қоса Ыбырайым (Мәсіхке сенуші) яһудилердің де түп атасы. Бұлар сүндеттеу рәсімінен өтіп қана қоймай, атамыз Ыбырайым сүндеттелмей тұрған кезде-ақ жүрген сенім жолына да түсті.

13 Құдай Ыбырайым мен оның ұрпақтарына жер бетін иемденулері жайында уәде берді. Бұл уәде Ыбырайымға заңды ұстанғаны үшін емес, (Жаратқан Ие сөзінде тұрады деген) сенімі арқылы ақталғаны үшін берілді.

14 Егер адамдар Құдайдың берген уәдесіне тек заңды ұстану арқылы ие бола алса, онда сенімнің ешбір пайдасы және уәденің ешқандай күші болмас еді.

15 Заң (оны мүлтіксіз орындамаған кісіні) Тәңірдің қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес.

16 Сонымен, Құдайдың уәдесі сенімге байланысты. Осылай бұл уәде Оның рақымымен беріліп, Ыбырайымның бүкіл ұрпағы үшін — Таурат заңы бар яһуди сенушілері үшін ғана емес, Ыбырайым сияқты Құдайға сенім артқан басқа ұлттар үшін де күшінде тұрады. Ыбырайым — Жаратқан Иенің еркімен бәріміздің рухани түп атамыз.

17 (Тауратта) «Мен сені көптеген халықтардың түп атасы етіп тағайындадым» деп жазылған ғой. Ал Ыбырайым өлгендерді қайта тірілтетін және жаңа нәрселерді жоқтан жарата алатын Құдайға сенімін артты.

18 Үміттенетін еш шара қалмаған кездің өзінде Ыбырайым үмітін үзбей, сенімінде берік тұра берді. Сондықтан да ол «Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!» деген уәде бойынша көптеген халықтардың рухани түп атасы болды.

19 Жасы жүзге келіп қалған Ыбырайым өз денесінде ешқандай күш қалмағанын, әйелі Сараның да құрсағына бала бітпейтінін жақсы білгенімен, уайымдап сенімін әлсіретпеді.

20 Қайта, Ыбырайым Құдайдың уәдесіне күмәнданбай, Оған деген сенімінен қуат алды.

21 Осылай ол Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сеніп, Оған құрмет көрсетті.

22 Сондықтан да «Жаратқан Ие оны Өзінің алдында ақтады» деп жазылған.

23 «Жаратқан Ие оны ақтады» деген сөз Ыбырайымға ғана емес,

24 бізге де қатысты: біз Иеміз Исаны қайта тірілткен Құдайға деген сеніміміз арқылы ақталамыз.

25 Құдай Иеміз Исаны күнәміздің құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды және ақталғандығымызды дәлелдеу үшін қайта тірілтті.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16