мәзір

Қорынттықтарга бірінші хат 14 Тарау


1 Сүйіспеншіліктің жолын қуыңдар! Рухани дарындарға, әсіресе Құдайдың хабарын жеткізу дарынына, ие болуға ұмтылыңдар!

2 Бөтен тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға арнап сөйлеп, ешкім оны түсінбейді. Ол өз рухымен құпияларды айтады.

3 Ал Құдайдың хабарын жеткізуші адамдарға арнап сөйлеп, оларды нығайтып, жігерлендіріп, жұбатады.

4 Кім бөтен тілде сөйлесе, сол өз сенімін нығайтады, ал кім Құдайдың хабарын уағыздаса, сол қауымды нығайтады.

5 Мен сендердің бәріңнің де бөтен тілдерде сөйлегендеріңді, бірақ одан гөрі Құдайдың хабарын уағыздағандарыңды қалар едім. Сол жерде бөтен тілде айтылғандарды түсіндіріп, осылай қауымның нығаюына көмегін тигізетін біреу болмаса, онда бөтен тілде сөйлейтіннен гөрі Құдайдың хабарын жеткізушінің пайдасы әлдеқайда зор.

6 Бауырластарым, мен сендерге келіп, алдарыңда бөтен тілде сөйлей берсем, бірақ не Құдай ашқан құпия, не білім, не Құдайдың хабары, не тәлім арқылы түсінік бермесем, онда сендерге менен қандай пайда?

7 Мысалы, жансыз күй аспаптары — сыбызғы не жетіген анық дыбыс шығармаса, қандай күйдің ойналғанын қайдан білеміз?

8 Егер керней белгілі әуенді тартпаса, кім шайқасқа дайындалмақ?

9 Дәл сол сияқты, сендер өз тілдеріңде Құдайдың хабарын түсінікті қылып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан білмек? Сөздеріңнің желмен ұшып кеткені ғой.

10 Дүниеде қаншама көп тілдер бар, ал олардың ешқайсысы да мәнсіз емес.

11 Бірақ егер бөтен тілдің мағынасын білмесем, онда мен оны сөйлеген адам үшін, ал ол мен үшін жат жерліктей болып сөйлесе алмаймыз.

12 Сендермен де сол сияқты болып тұр: Киелі Рухтың дарындарына ие болуға ұмтылудасыңдар. Ендеше қауымды рухани жетілдіретін дарындарды бәрінен көбірек пайдаланыңдар!

13 Сол себепті бөтен тілде сөйлейтін адам соны түсіндіретін дарынды да Құдайдан сұрасын!

14 Егер Оған бөтен тілде сиынсам, онда рухым сиынғанмен, ақыл-санам бұған қатыса алмайды.

15 Сонда не істеуіміз керек? Мен рухыммен де, санаммен де Құдайға сиынамын, рухыммен де, санаммен де мадақтау жырларын айтамын.

16 Ал егер рухыңмен ғана шүкірлік етсең, онда соны ұғынбайтындардың орнында отырған кез келген кісі ризашылық білдіргеніңді «аумин» деп қуаттай алмайды. Себебі ол не айтып тұрғаныңды ұқпайды.

17 Сен қаншама жақсы ризашылық білдірсең де, әлгі адамның рухани жетілуіне көмектеспейсің.

18 Мен өзім бөтен тілде сендердің әрқайсыңнан да көбірек сөйлеймін, бұл үшін Құдайыма шүкірлік етемін.

19 Алайда мен қауымның алдында бөтен тілде он мың сөз айтқанша, санаммен тәлім беретін бес сөз айтуды қалаймын.

20 Бауырластарым, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар! Жамандық істеуге келгенде, сәбидей кінәратсыз, бірақ ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар!

21 Киелі жазбада Жаратқан Иенің мынадай сөздері бар: Осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлетіп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатамын. Бірақ бұлай да олар Мені тыңдамайтын болады!

22 Сонымен, бөтен тілде сөйлеу сенушілерге емес, сенбейтіндерге Құдайдың құдіретін көрсетеді. Ал Оның хабарын жеткізу сенбейтіндерге емес, сенушілерге көмектесу үшін берілді.

23 Мысалы, егер бүкіл қауым бас қосып, бәрі бөтен тілдерде сөйлегенде, мұны ұғынбайтындар немесе сенбейтіндер сол жерге келсе, олар сендерді естері ауысыпты демей ме?

24 Бірақ жиналғандардың барлығы Құдайдың хабарларын жеткізген кезде сенбейтін не ұғынбайтын біреу кірсе, бәрінен естіп тұрғаны оның күнәсін әшкерелеп, тергейді,

25 әрі жүрек түкпіріндегі құпиялары ашылады. Сонда ол Құдай алдында бас ұра ғибадат етіп: «Шынымен араларыңда Құдай бар!» деп мойындайтын болады.

26 Бауырластарым, сонда не? Сендер жиналғанда әрқайсың бір рухани жыр, тәлім немесе Құдай ашып білдірген құпияны айтып бересіңдер, біреуің бөтен тілде сөйлеп, біреуің соның мәнін түсіндіресіңдер: бәрі де қауымның жетілуі үшін пайдалы болсын.

27 Бөтен тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі ғана және бірінен соң бірі сөйлеп, айтқандарын біреу түсіндірсін;

28 егер түсіндіретін ешкім болмаса, онда олар қауымда үндемей, іштей ғана Құдайға арнап сөйлесін!

29 Екі не үш кісің Құдайдың хабарын жеткізіп, басқаларың айтылғандарды ақылға салып, пайымдаңдар.

30 Егер осы жерде отырған тағы біреуге Құдай бір құпияны ашып білдірсе, онда алғаш сөйлеуші үндемей қалуы керек.

31 Бәрің біріңнен соң бірің Құдайдың хабарларын жеткізулеріңе болады. Осылай барлығың да тәлім, жұбаныш және жігер аласыңдар.

32 Құдайдың хабарларын жеткізетіндердің рухтары оларға бағынады.

33 Себебі Құдай тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайды. Құдайға бағышталған халықтың барлық қауымдарындағы әдет осындай.

34 Қауым жиналыстарында әйелдерің үндемесін, оларға сөйлеуге рұқсат етілмеген. Заңда да айтылғандай, олар басшылық етпесін.

35 Бір нәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулеріне сауал қойсын. Өйткені әйелдердің қауымда сөйлеулері ұят.

36 Егер келіспесеңдер, Құдай сөзі өздеріңнен шықты деп ойлайсыңдар ма? Ол тек сендерге ғана келіп пе еді?

37 Біреу Құдайдың хабарын жеткізушімін немесе Киелі Рухқа кенелдім деп ойласа, менің жазып отырғанымды Иеміздің өсиеті деп ұғынсын.

38 Кім мұны мойындамаса, оның өзі де мойындалмасын.

39 Сонымен, бауырластар, Құдайдың хабарын жеткізуге талпыныңдар, әрі бөтен тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар.

40 Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16