Қорынттықтарга бірінші хат 9 Тарау
1 Мен ерікті емеспін бе? Елші емеспін бе? Иеміз Исаны өз көзіммен көрдім емес пе? Сендер Иеміз үшін еткен еңбегімнің жемісі емессіңдер ме?
2 Мен басқалар үшін елші болмаған күнде де сендерге жіберілген елші екенім сөзсіз. Менің Иеміздің елшісі екендігімнің дәлелі сендерсіңдер.
3 Өзімді айыптағандардан осылайша қорғанамын.
4 Еңбегіміз үшін ішіп-жейтін тамақ алуға еркіміз жоқ па?
5 Сондай-ақ, басқа елшілер, Иеміздің туған бауырлары және Кефа (Петір) сияқты біздің де сенуші әйелге үйленіп, оны сапарға шыққанда ертіп жүруге қақымыз жоқ па?
6 Әлде Барнаба екеуіміздің ғана кәдімгі жұмысты жасамай-ақ қызмет етіп күн көруге еркіміз жоқ па?
7 Қай жауынгер өз жалақысын өзі төлейді? Қай бағбан жүзімдік егіп, жемісін жемейді? Қай малшы мал бағып, сүтін ішпейді?
8 Бұл адамдардың салты ғана ма? Құдайдың заңы да осылай дейді емес пе?
9 Мұса арқылы берілген Таурат заңында: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума», — деп жазылған ғой. Құдай бұл жерде өгіздерді ғана ойлап тұр ма,
10 әлде осы айтқаны бізге де тікелей қатысты ма? Әрине, ол біз үшін де жазылған. Жер жыртушы да, астық бастырушы да еңбек етіп, өнімнен тиісті үлесімді алармын деп үміттенуі дұрыс.
11 Біз жүректеріңе рухани игілік — Ізгі хабардың тұқымын септік; енді соның «өнімі» ретінде бұ дүниелік игіліктеріңнен қабылдасақ, сол тым көп болар ма еді?
12 Басқалардың бұған қақысы болса, біз одан бетер қақылы емеспіз бе? Алайда осындай хақымыз бола тұра, оны пайдаланған емеспіз. Қайта, біз Мәсіх туралы Ізгі хабардың таралуына кедергі жасамау үшін әр түрлі қиыншылықтарға шыдап келеміз.
13 Ғибадатханада қызмет етушілердің сол жерден тамағын асырап отырғандарын білмейсіңдер ме? Олар шалған малдардың етін құрбандық үстеліне салғанда одан өз үлестерін алады ғой.
14 Сол сияқты, Иеміз Ізгі хабарды уағыздаушылардың осы қызметтерімен күндерін көруіне әмір еткен.
15 Бірақ мен бұл құқықтарымның бірде-біреуін қолданған емеспін. Қазір де осыларды сендерден бір нәрсе алу мақсатында жазып отырған жоқпын. Әділ мақтанышымды ешкімнің құр сөзге айналдыруына жол бермеймін, одан да аштан өлгенім артық!
16 Ал Ізгі хабарды уағыздап жүргенімнің өзі мақтануыма себеп бола алмайды, ол борышты міндетім: Ізгі хабарды уағыздамасам, қасіретке қалар едім.
17 Егер оны өз еркіммен істесем, еңбегімнің ақысын күтер едім; бірақ еріксіз істегендіктен, оны сеніп тапсырылған міндетім ретінде орындап жүрмін.
18 Сонымен, менің алар сыйым қайсы? Уағыздауымда құқықтарымды қолданбай, Ізгі хабарды тегін таратуым — алар сыйым, міне, осы.
19 Мен бүкіл адамдардан тәуелсіз болсам да, олардың барынша көбін Мәсіхтің жолына түсіру үшін өзімді барлығының құлы еттім:
20 яһудилерді сол жолға түсіру үшін араларында яһуди сияқты өмір сүремін; Таурат заңына бағынған оларды Мәсіхке әкелу үшін, өзім Тауратқа бағынышты болмасам да, араларында Тауратқа бағынатындай жүріп-тұрамын.
21 Таурат заңын білмейтін басқа халықтарды Мәсіхке әкелу үшін Тауратты білмейтіндей араларында өмір сүремін. Бұл, Құдайдың заңынсыз жүремін деген сөз емес, шынында мен Мәсіхтің өсиеттеріне мойынсұнып келемін.
22 Сенімі әлсіздерді әкелу үшін соларға ұқсап өмір сүремін. Әртүрлі адамдар арасында оларға бейімделудемін. Осылай мен ең болмағанда бірсыпырасын құтқаруға ұмтыламын.
23 Осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүрмін, содан мен оның игілігінен үлесімді алатын боламын.
24 Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де «жүлдеге» ие болатындай Мәсіхтің жолымен «жүгіріңдер»!
25 Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетіні — кейінірек солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын «жеңіс тәжі»!
26 Сондықтан мен мақсатсыз жүгіріп жүрген жоқпын, жұдырығымен ауаны босқа ұрған боксшы сияқты да емеспін.
27 Қайта, басқаларды рухани күреске шақырған мен «жүлде» бөліскенде құр алақан қалмау үшін, тәнімді ауыртпалықтарға душар еткізіп, өзіме бағындырып жатырмын.