Қорынттықтарга бірінші хат 7 Тарау
1 Ал енді маған жазғандарыңа тоқталайын. «Еркектердің әйелдерге жоламағаны жақсы» дейтіндерің бар екен.
2 Ал азғындықтан сақтану үшін әр еркектің өз әйелі, әр әйелдің өз күйеуі болсын.
3 Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек.
4 Себебі әйелдің денесі өзінің ғана емес, күйеуінің де билігінде; дәл солай күйеуінің денесі өзінің ғана емес, әйелінің де билігінде.
5 Егер біраз уақыт үздіксіз Құдайға сиынуға алдын ала келісіп алған болмасаңдар, бір-біріңнен бас тартпаңдар! Содан кейін тағы бірге болыңдар, әйтпесе өздеріңе ие бола алмай, әзәзіл шайтанның азғыруына ерулерің мүмкін.
6 Ал осы айтқаным бұйрық емес, рұқсат қана.
7 Бәрінің өзім сияқты ұстамды, некесіз болғанын қалар едім. Бірақ әркімнің Құдай сыйлаған өз дарыны бар; біреу былай болса, біреу олай.
8 Үйленбегендер мен жесірлердің мен сияқты салт басты болып қала бергені жақсы деймін.
9 Ал егер өздеріне ие бола алмаса, онда үйленсін. Себебі құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы.
10 Үйленгендерге мен ғана емес, Иеміздің Өзі: «Әйелі күйеуінен ажыраспасын!» — деп бұйырады.
11 Ал егер ажырасып кетсе, онда салт басты болып қала берсін, не күйеуімен қайта татулассын! Күйеулер де әйелдерінен ажыраспасын!
12 Басқа жұптарға Иеміз емес, өзім былай деймін: бір бауырласымыз Мәсіхке сенбейтін әйелге үйленген болса және әйелі онымен бірге қалуға келіссе, онда ол ажыраспауға тиіс.
13 Сол сияқты, сенуші әйелдің сенбейтін күйеуі онымен бірге қалуға келіссе, онда әйелдің де ажырасуына болмайды.
14 Себебі сенбейтін еркек сенуші әйелінің арқасында және сенбейтін әйел сенуші күйеуінің арқасында Құдайдың қасиетті әсерінің аясында болады. Әйтпесе балаларың құдайсыздардың балалары іспетті болар еді. Керісінше, олар да Құдайдың қасиетті әсерінің аясында.
15 Алайда егер сенбейтін жұбайы ажырасқысы келсе, ажырассын. Мұндай жағдайда оның сенуші жұбайы некеде қалуға мәжбүр емес. Қайтсе де, Құдай біздерді татулықта тұруға шақырған болатын.
16 Мүмкін сен, әйел, күйеуіңді құтқарылуға алып келерсің, немесе сен, күйеу, әйеліңді құтқарылуға әкелетін шығарсың, соны анық білмейсің ғой!
17 Тек әркімге Құдай Иеміз нені белгілеп, оны неге шақырса, ол солай өмір сүре берсін! Осы ережені барлық қауымдарға да айтамын.
18 Кім Мәсіхтің жолына шақырылғаннан бұрын сүндеттелген болса, онысын жасырмасын. Ал бұған дейін сүндеттелмеген сенушілер сол рәсімнен өтпей-ақ қойсын.
19 Сүндеттелу не сүндеттелмеу маңызды емес, бастысы — Құдайдың өсиеттерін орындау.
20 Әрқайсың сенімге шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде қал!
21 Құл болып шақырылдың ба, оныңа қысылма. Ал егер еркіндік алу мүмкіндігің болса, дұрысы, соны пайдалан.
22 Себебі Иеміз шақырған құл — «Иеміздің рухани азат адамы», сол сияқты, Иеміз шақырған азат адам — «Мәсіхтің құлы».
23 Сендер үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етілдіңдер, енді «адамдардың құлы» болып қалмаңдар!
24 Бауырластарым, әрқайсың шақырылған кезде кім болсаң, сол күйіңде Құдаймен жүре бер.
25 Бойжеткендерге қатысты Иеміздің маған берген бұйрығы жоқ. Бірақ Оның рақымымен сенімді қызметшісі болдым, сол ретінде пікірімді білдіремін:
26 болып жатқан ауыр жағдайларға байланысты әркім күйі қандай болса, сол күйінде қала бергені жақсы деп ойлаймын.
27 Бір әйелге басың байланған болса, онымен қатынасыңды үзуге ұмтылма! Салт басты болсаң, әйел іздеме!
28 Ал егер үйленсең, мұның күнә емес. Бойжеткен тұрмысқа шықса, ол да күнә емес. Бірақ үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді, сендер соны көрмесеңдер екен деймін.
29 Менің айтайын дегенім мынау, бауырластарым: осы заманның ақыры таяп қалды. Сондықтан бұдан былай әйелі барлар үйленбегендей,
30 жоқтау айтып жүргендер жоқтамағандай, шаттанып жүргендер қуанбағандай, ал дүние-мүлік сатып алғандар меншігі жоқ іспетті Құдайға қызмет ете берсін!
31 Осы дүниенің қам-қарекетін жасап жүргендер оған тым беріліп кетпесін! Себебі дүниенің қазіргі қалпы жуырда сап болып, жойылады.
32 Жалпы, сендерді уайым-қайғы баспаса екен деймін. Үйленбеген ер адам Иемізге ұнауға ұмтылып, Оның ісінің қамын ойлайды.
33 Ал үйленген ер адам жұбайының көңілін табуға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді. Содан ол екі ойлы болып жүреді.
34 Сол сияқты, үйленбеген әйел мен қыз Иеміздің істерінің қамын ойлай отырып, жан-тәнімен Оған берілмек. Ал тұрмысқа шыққан әйел күйеуіне ұнауға тырысып, осы дүниелік істердің қамын жейді.
35 Сендерге бұғау салғым келмейді, қайта, игіліктерің үшін, сендер ұдайы әрі кедергісіз Жаратқан Иемізге бағышталып дұрыс өмір сүрсеңдер екен деп, осыны айтып отырмын.
36 Ал егер біреу бойжетіп қалған қызымды ұзатпай қартайтып қойсам, бұным дұрыс болмас деп ойлап оның тұрмысқа шығуын қажет деп тапса, ол қалағанын істесін. Онысы күнә емес, қызы күйеуге шықсын.
37 Алайда кім ешбір қожайын мен сыртқы ықпалдың күштеуінсіз берік шешімге келсе, яғни өз еркімен іс-әрекет жасай алып, қызымды ұзатпаймын деген байламға тоқтаса, онысы дұрыс.
38 Сонымен, бойжетіп қалған қызын ұзатқан дұрыс істейді, ал ұзатпайтын одан бетер дұрыс істейді.
39 Некедегі әйел күйеуінің көзі тірісінде оған басы байлаулы. Күйеуі өлсе, кімге тием десе де өз еркі, тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын.
40 Ал ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау. Бұл өз пікірім, ал мені де Құдайдың Рухы жетелейді деп ойлаймын.