мәзір

Лұқа Ізгі хабар 18 Тарау


1 Иса шәкірттеріне әрқашан үмітін үзбей Құдайдан сұрай берудің керектігін де астарлы әңгімемен түсіндіріп

2 былай деді: — Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты.

3 Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келіп: «Мені дауласқан кісімнен қорғай көріңіз!» — деп өтініп сұрай береді екен.

4 Бірақ би жесірді көп уақыт бойы қорғағысы келмейді. Ақырында ол ішінен: «Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын.

5 Алайда мына жесір маған тыныштық бермегендіктен, оның мүддесін қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келіп, мазамды ала берер» деп ойлайды.

6 Содан кейін Иеміз Иса былай деді: «Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой.

7 Ал Құдай Өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарына сиынған адамдарының мүдделерін қорғамай ма? Әлде соны ұзаққа созып жібере ме?

8 Сендерге шындығын айтамын: Құдай олардың мүдделерін тезірек қорғайды! Алайда Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?»

9 Өздерінің әділдігіне нық сеніп, басқаларды менсінбей жүрген кейбір кісілерге Иеміз мына астарлы әңгімені айтып берді:

10 — Екі адам Құдайға сиыну үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салық жинаушы екен.

11 Парызшыл тұра қалып, іштей былай деп мінажат етеді: «Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбірлеуші, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшін Саған ризашылығымды білдіремін.

12 Өйткені мен аптасына екі рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бір бөлігін қайыр-садақаға беріп тұрамын».

13 Ал салық жинаушы алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесіне қойып: «Я, Құдай, мен күнәкармын, рақым ете гөр!» — деп жалбарынады.

14 Сендерге шын айтамын: екеуі үйлеріне қайтқанда, парызшылды емес, салықшыны Құдай кешіріп, ақтаған еді. Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.

15 Иса қолын тигізіп бата берсін деп, бірнеше адам Оған нәрестелерін алып келді. Бірақ мұны көрген шәкірттер оларды жібермеді.

16 Ал Иса балаларды қасына шақырып алып: «Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдайдың Патшалығы сондайлар үшін.

17 Сендерге шындығын айтайын: кім Құдайдың Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды», — деді.

18 Басшылардың біреуі Исадан: — Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек? — деген сұрақ қойды.

19 Иса оған: — Мені неге ізгі дейсің? Құдайдан басқа ешкім де ізгі емес.

20 Оның өсиеттерін білесің ғой: «Неке адалдығын бұзба; кісі өлтірме; ұрлық жасама; жалған куәлік берме; ата-анаңды сыйла!» — деп жауап берді.

21 Әлгі кісі: — Бұлардың бәрін де жастайымнан орындап келемін, — деді.

22 Иса мұны естігенде: — Саған тағы бір нәрсе жетіспейді: қолыңдағы бар мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер. Сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер! — деді.

23 Бұларды естігенде әлгі кісі қатты қапаланды. Себебі ол өте бай болатын.

24 Иса оның қатты қапаланғанын көріп: — Мал-мүлікке бай адамдардың Құдайдың Патшалығына кіруі қандай қиын!

25 Иә, байдың Құдайдың Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай, — деді.

26 Мұны естігендер: — Ендеше кім (Құдайдың қаһарынан) құтқарыла алады? — деп сұрады.

27 Иса: — Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді, — деп жауап берді.

28 Петір тіл қатып былай деді: — Міне, біз барлығын қалдырып, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз.

29 Сонда Иса шәкірттеріне: — Сендерге шындығын айтайын: үй-жайын, әке-шешесін, бауырларын, әйелі не бала-шағасын Құдайдың Патшалығына бола қалдырған әркімге

30 сол үшін осы заманда қарымтасы бірнеше есе артығымен қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады, — деп нық айтты.

31 Иса он екі шәкіртін қасына шақырып алып, оларға (Өзінің басынан өткізетіндері туралы) былай деді: — Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Пайғамбарлардың көктен келген Билеуші туралы алдын ала жазып кеткендерінің бәрі сол жерде орындалады:

32 Оны Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп қорлап, бетіне түкіріп,

33 қамшымен сабалайды, ақырында өлтіреді. Алайда үшінші күні Ол қайта тіріледі!

34 Бірақ шәкірттері Исаның осы айтқанынан ештеңе ұқпады. Бұл сөздерінің мәні олар үшін құпия болғандықтан түсініксіз болып қала берді.

35 Иса Иерихон қаласына жақындап қалғанда, жол жиегінде бір соқыр адам қайыр сұрап отырған еді.

36 Ол қасынан көп кісілердің өтіп бара жатқанын естіп: — Бұл не? — деп сұрады.

37 Жұрт оған: — Назареттік Иса келе жатыр! — деді.

38 Сонда әлгі соқыр: — Дәуіттің Ұрпағы Иса! Маған рақым ете көріңіз! — деп айқайлады.

39 Алда келе жатқандар оған ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ ол одан бетер айқайлап: «Дәуіттің Ұрпағы! Маған рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.

40 Иса тоқтай қалып, оны қасына алып келуге бұйырды. Соқыр адам жақындап келген соң, Иса одан:

41 — Өзіңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады. Ол: — Тақсыр, көзімді көретін етсеңіз екен! — деп өтінді.

42 Иса оған: — Көзің көретін болсын! Сен сенімің арқылы құтқарылдың, — деді.

43 Сол сәтте-ақ соқыр адамның көзі ашылып, көретін болды! Ол Құдайға зор ризашылығын білдіріп Исаға еріп жүрді. Мұны көрген халықтың бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24