Лұқа Ізгі хабар 22 Тарау
1 Бұл кезде Ашымаған нан мейрамы жақындап қалған еді. Ол Құтқарылу мейрамы деп те аталатын.
2 Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның көзін құртудың жолын қарастырды, себебі олар халықтан қорықты.
3 Сонда он екі елшінің біреуі — Яһуда Исқариоттың бойына әзәзіл шайтан кіріп алды.
4 Яһуда (Исаның қасынан) кетіп, басты діни қызметкерлермен және ғибадатхананың бас сақшыларымен кездесіп, Исаны оларға қалай ұстап беру туралы ақылдасты.
5 Олар қатты қуанып, Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті.
6 Ол бұған келісіп, Исаны жұрт көзінен таса жерде ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
7 Осылай Ашымаған нан мейрамының бірінші күні де жетті. Сол күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалуы қажет болатын.
8 Сондықтан Иса Петір мен Жоханды жұмсап: — Барып, бізге мейрам асын әзірлеңдер, — деді. Олар:
9 — Асты қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
10 Иса оларға былай деп тапсырды: — Тыңдап алыңдар: қалаға кіргендеріңде сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп, ол кірген үйге сендер де кіріңдер.
11 Үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып, мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.
12 Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселген кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты сол жерге дайындаңдар! —
13 Екі шәкірт барғанда, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.
14 Тамақ ішетін уақыт болғанда, Иса елшілерімен бірге дастарқан басына жайғасып,
15 оларға былай деді: — Мен азап шегер алдында мына Құтқарылу мейрамының асын сендермен бірге жеуді қатты аңсап едім.
16 Сендерге шындығын айтайын: Құдайдың Патшалығында құтқарылу толықтай жүзеге асқанша, Мен осы асты бұдан былай жемеймін, — деді.
17 Мұнан кейін Иса қолына тостағанды алды да, шүкірлік етіп, оларға: — Мұны алып, өзара бөлісіңдер.
18 Сендерге айтамын: Құдайдың Патшалығы орнағанша, Мен енді қайтып жүзім шырынынан еш татпаймын, — деді.
19 Содан кейін Иса қолына нан алып, шүкірлік етті. Нанды үзіп, оларға беріп жатып: — Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер! — деді.
20 Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: — Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа Келісім, — деді.
21 — Тыңдап алыңдар: Мені өз қолымен ұстап беретін опасыз адам Менімен бірге дастарқан басында отыр!
22 Көктен келген Мен алдын ала белгіленген жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін кісі қасіретке қалады! — деді Иса.
23 Шәкірттері: — Мұны істейтін қайсымыз? — деп бір-бірінен сұрай бастады.
24 Сол кезде шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен болуға лайық деген айтыс туған еді.
25 Ал Иса оларға былай деді: — Патшалар қол астындағы елдерді билеп-төстейді, әрі халықтардың үстінен қатаң әмір жүргізушілер тіпті «жақсылық жасаушылар» деп те аталады.
26 Бірақ сендерде ондай болмасын! Керісінше, ең ұлыларың ең кішілеріңдей, басшылық ететіндерің қызмет көрсетушілеріңдей болсын!
27 Қалай ойлайсыңдар, қайсысының жолы үлкен: дастарқан басында отырғанның ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқан басында отырғанның. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін.
28 Қиындыққа ұшыраған кездерімде Менімен бірге болған сендерсіңдер.
29 Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын:
30 Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
31 Иеміз Иса Шимон Петірге: — Шимон, Шимон, сақ бол! Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзіл шайтанға да сендерді сынақтан өткізуге жол берілді.
32 Бірақ Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол, — деп ескертті. Ал Петір:
33 — Мырза, мен Сізбен бірге түрмеге де, өлімге де баруға дайынмын! — деді.
34 Бірақ Иса: — Петір, саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен «Оны танымаймын» деп Менен үш рет танасың, — деп жауап берді.
35 Содан кейін Иса шәкірттеріне: — Мен сендерді жолға ақша салатын қалта да, жолдорба да, артық аяқкиім де алғызбай жұмсап жібергенімде, бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар: — Жоқ, еш нәрседен мұқтаждық көрген жоқпыз, — деп жауап қайтарды.
36 Сонда Иса оларға былай деді: — Ал енді, кімнің ақша қалтасы болса, соны да, жолдорбасын да алып жүрсін. Кімнің семсері жоқ болса, ол шапанын сатып, семсер алсын.
37 Өйткені сендерге айтамын: пайғамбардың: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды» деп алдын ала айтқан сөзі Менің өмірімде іске асуға тиіс. Мен туралы алдын ала жазылғанның бәрі де орындалады. —
38 Шәкірттері: — Мырза, қараңыз, мұнда екі семсер бар! — дегенде, Иса: — Жетер енді! — деп жауап қайырды.
39 Сол кезде Иса қаладан шығып, дағдылы әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеп бара жатты. Шәкірттері де Оның артынан ілесті.
40 Сол жерге жеткеннен кейін Иса оларға: «Азғырылмау үшін сиынып мінажат етіңдер!» — деп тапсырды.
41 Өзі олардан тас лақтырымдай жерге аулағырақ барып, тізерлеп отырды да, мінажат етіп былай деді:
42 «О, Әкем, егер Сен қаласаң, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!»
43 Сонда көктен бір періште келіп, Исаға күш берді.
44 Рухани күресіп қатты қиналған Иса одан бетер сиынып мінажат етті. Оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты.
45 Иса сиынуын аяқтаған соң, орнынан тұрды. Шәкірттерінің қасына қайтып келіп, олардың қайғыдан шаршап, ұйықтап қалғандарын көрді.
46 Сонда оларға: «Неге ұйықтап жатырсыңдар? Азғырылмау үшін орындарыңнан тұрып, сиынып мінажат етіңдер!» — деді.
47 Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, бір топ адам көрінді. Оларды Яһуда (Исқариот) есімді он екі елшінің біреуі бастап алып келді. Ол Исаға жақындап, Оны сүймекші болды. (Себебі Яһуда қасындағылармен «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі» деп келіскен еді.)
48 Ал Иса оған: «Яһуда! Сен көктен келген Маған бетімнен сүйіп тұрып та опасыздық жасайсың ба?» — деді.
49 Исаның қасындағылар енді не болатынын сезіп: — Мырза, семсермен құртып салайық па? — деп сұрады.
50 Олардың біреуі семсерін бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның оң құлағын шауып түсірді.
51 Бірақ Иса: — Тоқтатыңдар, жетер енді! — деп бұйырып, малайдың құлағына қолын тигізіп, оны сауықтырып жіберді.
52 Иса Өзін ұстауға келген басты діни қызметкерлерге, ғибадатхананың бас сақшыларына және рубасыларға: «Мені тұтқындауға қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?
53 Күн сайын сіздермен бірге ғибадатханада болғанымда, Маған қарсы қол көтерген жоқсыздар. Ал қазір күндеріңіз туып, қара түнектің күші билігін жүргізіп тұр», — деді.
54 Олар Исаны тұтқынға алып, бас діни қызметкердің сарайына апарды. Петір соларға алыстан ілесіп отырды.
55 Сақшылар сарайдағы ішкі ауланың ортасына от жағып, айналдыра жайғасқанда, Петір де араларына барып отырды.
56 Бір қызметші қыз оның оттың жарығында отырғанын көрді. Оған қадала қарап: — Мынау да Онымен бірге жүретін! — деді.
57 Ал Петір қызға: — Жоқ, Оны білмеймін! — деп мойындамады.
58 Біраздан кейін тағы біреу оны көріп: — Сен де солардың біреуісің! — деді. Бірақ Петір оған: — Жоқ, олай емеспін! — деп жауап қатты.
59 Бір сағаттай уақыт өткен соң тағы бір адам: — Шынымен бұл да Оның қасында жүретін, өзі ғалилеялық қой! — деп нықтап айтты.
60 Алайда Петір сол кісіге: — Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп жауап қайтарды. Ол осыны айтып тұрған сәтте-ақ әтеш шақырды.
61 Сонда Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Петірдің есіне Иеміздің «Осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті.
62 Содан Петір сыртқа шығып, қатты жылады.
63 Исаны ұстап тұрған адамдар Оны мазақтап, соққылады.
64 Оның бетін бүркеп, ұрып-соғып: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекелей сұрады.
65 Оны тағы басқа көптеген жаман сөздермен де қорлады.
66 Таң атқанда рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестің алдына әкелдіріп,
67 Оған: — Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер! — деген сауал қойды. Иса оларға: — Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер,
68 сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер.
69 Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын! — деп жауап қайтарды.
70 Олардың бәрі: — Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба? — деген сұрақ қойды. Иса: — Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар, — деп жауап берді.
71 Олар: — Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой, — десті.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24