Лұқа Ізгі хабар 3 Тарау
1 Рим патшасы Тіберидің билік құруының он бесінші жылы Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод (Антипас) — Ғалилея аймағының әкімі, оның бауыры Філіп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкімі, Лүсани — Абілине аймағының әкімі,
2 ал Ханна мен Қаяфа — басты діни қызметкерлер болып тұрды. Сол кезде Құдай айдалада Зәкәрия ұлы Жақияға сөзін арнап (оны пайғамбарлық міндетіне кірістірді).
3 Содан Жақия Иордан өзенінің бойындағы барлық өңірді аралап былай деп уағыз айтты: «Күнәларыңа өкініп теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер, әрі шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда Құдай күнәларыңды кешіреді».
4 Бұл — Ишая пайғамбардың жазбасында сақталған мына тәрізді сөздеріне сай болды: Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар, Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!
5 Жолдағы сай-салалар толтырылсын, Әрі тау-төбелер аласартылсын, Бұралаң жерлері де түзетілсін, Бұдыр жолдар да түгелдей тегістелсін!
6 Сонда бар адамзат көре алады Құдай Ие жіберген құтқаруды!
7 Көп халық шомылдыру рәсімінен өту үшін Жақияға келді. Бірақ ол соларға ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті?
8 Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады.
9 Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!
10 Халық Жақиядан: — Енді біздің не істеуіміз керек? — деп сұрады.
11 Жақия оларға: — Кімнің екі көйлегі болса, біреуін киімі жоққа берсін, кімнің азығы болса, ол да солай істесін! — деп жауап берді.
12 Тіпті (әділетсіз) салық жинаушылар да өздерін шомылдыру рәсімінен өткізуге келді. Салықшылар: — Ұстаз, біздің не істеуіміз керек? — деп сұрағанда,
13 Жақия оларға: — Белгіленген мөлшерден артық еш нәрсе талап етпеңдер! — деп тапсырды.
14 Бірқатар жасақшылар да: — Ал біздің не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. Жақия оларға: — Ешкімге зорлық жасамаңдар, жала жауып тонамаңдар! Өз жалақыларыңа қанағаттаныңдар! — деп бұйырды.
15 Халық Құтқарушы Патша Мәсіхтің келуін күтіп, барлығы Жақия туралы іштей: «Бәлкім, осының өзі Мәсіх шығар?» — деп ойлады.
16 Жақия бәріне былай деп жауап берді: — Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу келе жатыр. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына және отқа шомылдырады.
17 Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады!
18 Жақия пайғамбар халыққа тағы басқа да насихат айтып, Ізгі хабарды жариялап жүрді.
19 Жақия аймақ әкімі Ирод Антипастың өз бауырының әйелі Иродияны тартып алғанын және басқа да көптеген жаман қылықтарын әшкерелеп сөккен еді.
20 Сондықтан Ирод бұрынғы зұлымдықтары аз болғандай бұған қоса Жақия пайғамбарды түрмеге жаптырды!
21 Содан бұрынырақ қалың жұрт шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде Иса да сол рәсімнен өткен еді. Сонда Иса мінажат еткенде көк ашылып,
22 көгершін бейнесіндегі Киелі Рух Оның үстіне қонды. Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың, Саған толық ризамын!» — деген дауыс шықты.
23 Иса Өзінің қызметін бастаған кезде жасы шамамен отызда еді. Жұрттың ойынша Ол Жүсіптің ұлы болатын. Ал Жүсіптің шыққан ата-тегі мынау: Жүсіп Елиден,
24 Ели Маттаттан, Маттат Леуіден, Леуі Мәлкіден, Мәлкі Жанайдан, Жанай Жүсіптен,
25 Жүсіп Мататиядан, Мататия Амостан, Амос Нахумнан, Нахум Есліден, Еслі Нағайдан,
26 Нағай Мақаттан, Мақат Мататиядан, Мататия Семейден, Семей Жүсіптен, Жүсіп Яһудадан,
27 Яһуда Жохананнан, Жоханан Ресадан, Реса Зоробабелден, Зоробабел Салатиелден, Салатиел Неріден,
28 Нері Мәлкіден, Мәлкі Аддидан, Адди Қосамнан, Қосам Елмодамнан, Елмодам Ерден,
29 Ер Ешуадан, Ешуа Елиезерден, Елиезер Жорымнан, Жорым Мататтан, Матат Леуіден,
30 Леуі Шимеоннан, Шимеон Яһудадан, Яһуда Жүсіптен, Жүсіп Жонамнан, Жонам Елиәкімнен,
31 Елиәкім Мелеадан, Мелеа Менаннан, Менан Мататадан, Матата Натаннан, Натан Дәуіттен,
32 Дәуіт Есейден, Есей Ғабиттен, Ғабит Боғоздан, Боғоз Салмоннан, Салмон Нағасоннан,
33 Нағасон Әминадаптан, Әминадап (Админнан, Админ Арнидан, Арни) Рамнан, Рам Хесроннан, Хесрон Парестен, Парес Яһудадан,
34 Яһуда Жақыптан, Жақып Ысқақтан, Ысқақ Ыбырайымнан, Ыбырайым Тарахтан, Тарах Нахордан,
35 Нахор Серуктен, Серук Рәгуден, Рәгу Пелектен, Пелек Еберден, Ебер Шелахтан,
36 Шелах Қайнаннан, Қайнан Арпақсаттан, Арпақсат Шамнан, Шам Нұхтан, Нұх Ләмехтен,
37 Ләмех Мәтусалдан, Мәтусал Енохтан, Енох Иәреттен, Иәрет Мақалалелден, Мақалалел Қайнаннан,
38 Қайнан Еностан, Енос Сеттен, Сет Адам атадан тарады, ал Адам атаны Құдай жаратқан.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24