мәзір

Лұқа Ізгі хабар 6 Тарау


1 Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп алып, қолмен үгіп жеді.

2 Кейбір парызшылдар: — Сендер демалыс күні істеуге тыйым салынған жұмысты неге істеп жүрсіңдер?! — деп наразылық білдірді.

3 Иса оларға былай деп жауап қайырды: — Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер?

4 Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нандарды алып, өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол нандарды діни қызметкерлерден басқа ешкімнің жеуіне болмайды ғой. —

5 Бұдан кейін Иса: — Көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты.

6 Иса басқа бір демалыс күні мәжілісханаға барып, жамағатқа тәлім беріп отырған еді. Сол жерде оң қолы семіп қалған бір адам да болды.

7 Дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаны айыптайтын сылтау табуға тырысып, Ол демалыс күні болса да ауруларды сауықтырар ма екен деп аңдыды.

8 Бірақ Иса олардың бұл ойларын біліп, қолы семген адамды: «Түрегеліп, ортаға шықшы!» — деп шақырды. Ол тұрып, ортаға шықты.

9 Сонда Иса сол діншілдерге: «Сендерден сұрап тұрмын, демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; біреудің жанын құтқаруды ма немесе құртуды ма?» — деген сұрақ қойды.

10 Иса айналасында отырғандардың бәріне қарады да, әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деп тапсырды. Сол адам семіп қалған оң қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді!

11 Ал әлгі діншілдер қатты ашуланып, Исаға қарсы не істесек екен деп өзара ақылдасты.

12 Сол күндері Иса мінажат ету үшін бір таудың басына шығып, түні бойы сиынумен болды.

13 Таң атқан соң шәкірттерін қасына шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды «елшілер» деп атады.

14 Олар: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон және оның інісі Әндір; Жақып пен Жохан; Філіп пен Барталмай;

15 Матай мен Тома; Әлпей ұлы Жақып және жұрт Діншіл деп атаған Шимон;

16 Жақып ұлы Яһуда және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.

17 Мұнан кейін Иса елшілерімен бірге тау басынан төмен түсіп, беткейдегі бір жазыққа келді. Оның қасына көптеген шәкірттері және бүкіл Яһудея аймағынан, Иерусалим қаласынан әрі Жерорта теңізі жағалауындағы Тир мен Сидон аймақтарынан келген көп халық жиналды.

18 Олар Исаны тыңдауға және ауру-сырқауларынан сауығуға келгендер болатын. Жын қинаған адамдар да келіп, жындарынан арылып кетіп жатты.

19 Бүкіл халық Исаға қолын тигізуге ұмтылды, себебі Одан құдірет шығып, бәрін де сауықтырып жатты.

20 Сол кезде Иса шәкірттеріне қарап былай деді: — Жарлылар, сендер бақыттысыңдар: Құдайдың Патшалығы өздеріңе арналған!

21 Қазір ашыққандар, сендер бақыттысыңдар: себебі тойынатын боласыңдар! Қазір қайғырып жылағандар, сендер бақыттысыңдар: себебі қуана күлетін боласыңдар!

22 Адамдар көктен келген Маған бола сендерді жек көріп, орталарынан аластатып, қорлап, аттарыңа кір келтірсе, бақыттысыңдар!

23 Сол күні қуана секіріп шаттаныңдар, себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Солардың ата-бабалары бұрынғы пайғамбарларға да солай істеген.

24 Алайда, байлар, сендер қасіретке қаласыңдар: себебі рақаттың дәмін толығымен татып келдіңдер!

25 Қазір қарны тоқтар, қасіретке қаласыңдар: сендер ашығатын боласыңдар! Қазір күлгендер, қасіретке қаласыңдар: сендер еңіреп жылайтын боласыңдар!

26 Егер барлық жұрттан мақтау естіп жүрсеңдер, қасіретке қаласыңдар: солардың ата-бабалары жалған пайғамбарларға да солай істеген.

27 Бірақ, Мені тыңдаушылар, сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық жасап,

28 қарғайтындарға да игілік тілеп, өкпелететіндер үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер!

29 Бетіңнің бір жағын ұрғанға екінші жағыңды да тос! Шапаныңды тартып алғанның көйлегіңді де алуына кедергі жасама!

30 Сұраған әркімге мұқтажын бер, өзіңдікін тартып алғаннан оны қайта сұрама!

31 Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!

32 Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Құдайдан қандай сый алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргендерді күнәкарлар да жақсы көреді ғой.

33 Егер өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да істейді ғой.

34 Егер одан қайтарып алармын деген үмітпен біреуге қарыз берсеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерін түгелдей қайтарып алу үшін күнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді.

35 Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер! Жақсылық істеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер! Сонда көктегі сыйларың зор болып, Құдай Тағаланың рухани балалары боласыңдар! Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді.

36 Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар!

37 Басқаларға үкім айтпаңдар, сонда сендерге де үкім шығарылмайды. Айыптамаңдар, әйтпесе өздерің де айыпталасыңдар. Кешіріңдер, сонда сендер де кешірілесіңдер.

38 Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып-төгілген мөлшерде салып беріледі. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.

39 Иса оларға астарлап тағы былай деді: — Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Екеуі де орға құлап түспей ме?

40 Шәкірті ұстазынан жоғары емес. Ал білімін жетілдірген әркім өз ұстазындай болады.

41 Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?

42 Өз көзіңдегі бөренені көрместен: «Бауырым, кәне, көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалай айта аласың? Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.

43 Жаман жеміс беретін жақсы ағаш жоқ, жақсы жеміс беретін жаман ағаш та жоқ.

44 Әр ағаш өзінің жемісімен танылар: «Шомырттан өрік, жабайы бұтадан жүзім жинамас».

45 Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады, ал зұлым адам арам жан дүниесінен арамдық алып шығады. Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар.

46 Егер сендер айтқандарымды орындамасаңдар, несіне Мені «Мырза, Ие!» дейсіңдер?

47 Маған келіп, сөздерімді тыңдап, оларды орындаған әркімнің қандай адамға ұқсас екенін айтып берейін:

48 ол жерді терең етіп қазып, іргетасын берік тасқа қалап үй салған адамға ұқсайды. Сел басып, тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, оны қозғалта алмайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.

49 Алайда сөздерімді естісе де, оларды орындамаған кісі үйін іргетассыз жай жерге салған адамға ұқсайды. Тасыған өзен бұл үйді соққылағанда, ол сол заматта-ақ опырылып құлап, тас-талқан болады.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24