Аян 10 Тарау
1 Мұнан кейін көктен түсіп келе жатқан басқа бір күшті періштені көрдім. Ол бұлтқа оранған еді, ал басының үстінде кемпірқосағы бар болатын. Беті күндей жарқырап, ал аяқтары от бағанасына ұқсады.
2 Періште қолына жазуы бар, ашылған кітапшаны ұстап тұрды. Содан ол оң аяғын теңіз бетіне, сол аяғын құрлық үстіне қойып,
3 арыстанның ақырғанындай қатты айқайлады. Ол айқайлағанда, (Құдайдың тағындағы) жеті күн күркірі үн қатып сөйледі.
4 Олар сөйлеп жатқанда, мен айтқандарын жазып алмақшы болдым. Алайда көктен маған: «Жеті күн күркірінің айтқандарын жазба. Оларды жауып тастап, мөр басып бекіткендей құпия сақта!» — деген дауысты естідім.
5 Содан кейін мен бір аяғымен теңізде, бір аяғымен құрлықта тұрғанын көрген періште оң қолын көкке қарай көтерді.
6 Ол аспан мен жерді, теңізді және олардағы барлық нәрселерді жаратқан, мәңгі тірі Тәңір Иенің атымен ант беріп, былай деді: «Енді еш кешеуілсіз,
7 жетінші періште кернейін тартып, белгі берген кезде Құдайдың құпия жоспары жүзеге асады! Бұл Оның өз қызметшілері — пайғамбарларына алдын ала хабарлағанындай болмақ».
8 Мен бұрын көктен естіген дауыс маған қайтадан тіл қатып: «Барып, теңіз бен құрлықта тұрған періштенің оң қолындағы ашылған кітапшаны ал», — деді.
9 Сонда мен періштеге барып, одан кітапшасын беруін өтіндім. Ол маған: «Ал да, жеп қой. Ол қарныңа барғанда ащы, ал аузыңда балдай тәтті болады», — деді.
10 Мен періштенің қолынан кітапшаны алып, жеп қойдым. Аузымда ол маған балдай тәтті болса, жұтқаннан кейін ішімді қуырды.
11 Мұнан соң маған: «Сен тағы да Құдайдың көптеген халықтар, ұлттар, тілдер және патшалар туралы хабарын жариялауға тиіссің», — деген тапсырма берілді.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22