мәзір

Аян 19 Тарау


1 Бұлардан кейін мен жиналған көптеген халықтың айқайындай көктен шыққан зор дауыстарды естідім. Олар былай деді: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Құтқару мен салтанатты ұлылық, құдірет пен билік Құдайымызда!

2 Оның үкімдері шынайы да әділ. Ол азғындығымен жер бетін бүлдірген аты шулы опасыз әйелді соттап, үкімін шығарды. Құдай өз қызметшілерінің төгілген қанының құнын одан талап етті».

3 Сол дауыстар тағы да былай деп айқайлады: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Өртенген қаланың түтіні мәңгі шығып жатпақ!»

4 Жиырма төрт ақсақал мен төрт нөкер Өзінің тағында отырған Құдайға бас ұра жығылып: «Аумин! Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!» — деп ғибадат етті.

5 Мұнан кейін тақ жағынан бір дауыс шықты: «Мадақтаңдар Құдайымызды, Күллі қызметшілері Оның! Дәріптей беріңдер, Тәңірімізді Қастерлейтін үлкен-кіші барлығың!»

6 Содан кейін мен жиналған көптеген халықтың зор дауыстарын тағы да естідім. Олар сарқырап аласұрған судың гүрілі мен қатты күн күркіріне ұқсап, былай деп айқайлады: «Жаратқан Иені мадақтаңдар! Себебі біздің Құдайымыз — Жаратқан Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі Патшалық құруда.

7 Шаттанып, қуанайық, Оның ұлылығын мадақтайық! «Тоқтының үйленетін уақыты» жетті. Оның қалыңдығы әзірленіп, дайын отыр.

8 Оған кіршіксіз таза, жылтыраған ақ бәтес киімдер берілді». — Сол ақ бәтес киімдер Құдай халқының әділ істерін білдіреді.

9 Содан кейін періште маған былай деді: «Мынаны жазып қой: «Тоқтының үйлену тойына» шақырылғандар бақытты! — Ол тағы мынаны қосты: — Бұл — Құдайдың шынайы сөздері».

10 Мен (аң-таң болып) аяғына жығылып, бас ұрмақ едім. Бірақ ол маған: «Олай жасама! Мен өзіңмен және Исаның шынайы хабарын ұстанатын бауырластарыңмен бірге қызмет етушімін. Қайта, Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді. Себебі Исаның шынайы хабарын жеткізу — пайғамбарлық сөз айтудың нағыз мәнісі.

11 Мұнан соң қарағанымда, көктің ашылғанын және сонда тұрған ақ боз атты көрдім; оның үстінде Отырған «Адал да Ақиқат» деп аталады. Ол әділдікпен үкім кесіп, соғысқа шығады.

12 Атқа мінгеннің көздері оттай жалындап, басына киген әлденеше патшалық тәждері болды. Оның киімінде Өзінен басқа ешкім де мағынасын біле алмайтын бір Есім жазылған еді,

13 ал жамылғысы қанға батқан екен. Оның бір атағы: «Құдай Сөзі».

14 Ақ боз атқа мініп, кіршіксіз таза ақ бәтес жамылғы киген көктің әскерлері Оның соңынан еріп жүрді.

15 Аттылының аузынан шығып тұрған, халықтарды шауып тастайтын өткір семсері бар екен. Ол халықтарға қатаңдықпен билік жүргізетін болады. Жүзімді қысып таптағанда шырынының ағып шығатыны сияқты, Ол құдіреті шексіз Құдайдың қаһарлы ашуын Оған мойынсұнбағандардың үстеріне төккізеді.

16 Аттылының жамылғысының екі жанында: «Патшалардың Патшасы, иелердің Иесі» деген атағы да жазылған.

17 Содан кейін мен күннің бетінде тұрған періштені көрдім. Ол аспанның биігінде ұшып бара жатқан барлық жыртқыш құстарға зор дауыспен: «Құдайдың «үлкен кешкі асына» жиналып келіңдер!

18 Патшалардың, қолбасылар мен жауынгерлердің, аттар мен үстіндегілердің, құл-азат, үлкенді-кішілі күллі адамдардың өліктерінің етін жеңдер!» — деп айқай салды.

19 Сонда мен айуанды, дүниенің патшаларын және олардың әскерлерін көрдім. Олар ақ боз ат үстінде Отырғанмен және Оның әскерімен шайқасуға жиналған екен.

20 Алайда айуан және оған қызмет етіп кереметтер көрсеткен жалған пайғамбар екеуі де кенеттен тұтқынға алынды. Сол бір таңғажайып кереметтер арқылы жалған пайғамбар айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне құлшылық еткендерді еліктіріп, алдап жүрген болатын. Айуан мен жалған пайғамбар екеуі де күкірт жанып жатқан, мәңгі сөнбейтін отты көлге (яғни тозақ отына) тірідей лақтырылды.

21 Ал басқалары ат үстінде Отырғанның аузынан шығып тұрған семсерімен өлтіріліп, барлық жыртқыш құстар олардың өліктерінің етін жеп тойынды.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22