мәзір

Аян 16 Тарау


1 Сонда мен киелі үйден шыққан бір қатты дауыстың жеті періштеге: «Барыңдар да, Құдайдың қаһарына толы жеті тостағанды жер бетіне төгіп жіберіңдер!» — деп тапсырғанын естідім.

2 Біріншісі барып, тостағандағысын жерге төгіп жіберді. Сонда айуанның таңбасын қабылдап, оның мүсініне табынғандарда жиіркенішті де азапты, іріңді жаралар пайда болды.

3 Екінші періште тостағандағысын теңізге құйып жібергенде, оның суы өлген адамның қанындай қоюланды. Теңіздегі күллі тіршілік иелері өліп қалды.

4 Үшіншісі тостағандағысын өзендер мен су көздеріне төгіп жібергенде, олар қанға айналды.

5 Су атаулыға өктемдік жүргізетін періштенің былай дегенін естідім: «Уа, әрдайым бар және мәңгі болып келген қасиетті Жаратқан Ие, Сен әділсің! Сенің шығарған осы үкімдерің де әділ!

6 Сол адамдар Сенің халқыңның және пайғамбарларыңның қанын төккендіктен, оларға қан ішкіздің. Соларға осы лайық».

7 Сонда мен түтету үстелі жағынан былай деген дауысты естідім: «Иә, Құдай Ие — бүкіл әлемнің Билеушісі, Сенің үкімдерің әділ де шынайы!»

8 Ал төртінші періште тостағандағысын күнге төккенде, күн отты қызуымен адамдарды күйдіретін болды.

9 Олар қатты аптапқа күйіп, осы пәлелерге билік жүргізетін Құдайдың атына тіл тигізді. Бірақ олар өкініп, теріс жолдарынан қайтпады, әрі Тәңір Иені даңқтап, Оған лайықты құрмет көрсетпеді.

10 Енді бесінші періште тостағандағысын айуанның тағына құйып жібергенде, оның патшалығын қараңғылық басты. Адамдар аурудан қатты қиналып, тілдерін тістеді.

11 Алайда олар өздерінің жаман қылықтарына өкініп, қайтпады; керісінше, аурулары мен іріңді жараларына бола көктегі Құдайға тіл тигізді.

12 Алтыншы періште тостағандағысын ұлы Евфрат өзеніне құйып жіберді. Сонда өзен кеуіп қалып, осылайша шығыстан келетін патшаларға жол дайындалды.

13 Мұнан соң құрбақаға ұқсаған үш жынды көрдім. Олар айдаһардың, айуанның және жалған пайғамбардың ауыздарынан шықты.

14 Үшеуі де — жындардың рухтары. Олар ғажап істер істеп, құдіреттерін көрсетеді. Олар бүкіл жер бетін аралап, күнәкар дүниенің күллі патшаларын Тәңір Иеге қарсы шайқасуға жинап әкеледі. Бұл шайқас Әлемнің Әміршісі — Құдайдың ұлы соты күні болады.

15 (Мәсіх былай дейді:) «Тыңда, Мен ұрының қапыда түсетініндей күтпеген кезде келемін! Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!»

16 Әлгі үш жын патшалардың бәрін еврейше Һар-Магедон деп аталатын жерге алып келді.

17 Жетінші періште тостағандағысын ауаға төккенде, киелі үйдегі тақтан «Орындалды!» — деген қатты дауыс шықты.

18 Сонда найзағай жарқылдап, мықты гүріл естіліп, күн күркіреп, жер қатты сілкінді. Адамзат дүниеде өмір сүргелі ешқашан мұндай жер сілкінісі болып көрмеген еді: бұл барлығынан да қатты жер сілкінісі болды.

19 Содан ұлы қала үшке бөлініп, басқа халықтардың қалалары да қирап қалды. Осылай ұлы Бабыл Құдай алдында ескеріліп, қала Құдайдың «тостағанынан» — Оның қатты ашуы мен қаһарын білдіретін «шарабынан» ішуге мәжбүр етілді.

20 Барлық аралдар «қашып», ғайып болып, таулар жермен-жексен болды.

21 Аспаннан адамдардың үстіне салмағы жүз қадақтай дәу тастар жауды. Сонда да адамдар сол ғаламат қорқынышты пәле, яғни тас бұршақ жаудырғаны, үшін Құдайды балағаттап, тілдеді.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22