Аян 18 Тарау
1 Бұлардан кейін көктен төмен түсіп келе жатқан бір ерекше періштені көрдім. Оның зор билігі бар еді, салтанатының нұры бүкіл жерді жарқыратты.
2 Періште қатты дауыспен былай деп жариялады: «Ол құлады! Ұлы Бабыл құлады! Ол жындардың ордасы, әр алуан арам рухтардың ұясы болды. Бұдан былай арам, жексұрын құстардың барлық түрі оған қоныстанбақ.
3 Күллі ұлттар да оның жынды қылатын азғындығының «шарабынан» ішіп келді. Дүниенің патшалары онымен азғындыққа түсетін. Әлемнің саудагерлері оның сән-салтанат пен асқан молшылыққа деген құмарлығынан байыды».
4 Көктен былай деген басқа бір дауысты да естідім: «Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің.
5 Себебі оның күнәлары көкке жетерліктей көп. Енді Құдай оның әділетсіздіктерін ескеріп, соттамақ».
6 «Өзгелерге көрсеткен зорлық-зомбылықтарын өзіне көрсетіңдер, жаман қылықтарына сай екі есе қылып қайтарыңдар! Оның басқаларға арнап араластырған «өз тостағанындағы шарабына» азғындықты екі есе қылып қосып өзіне дайындап беріңдер!
7 Ол қаншама сән-салтанат пен молшылыққа кенелген болса, оған соншама көп азап пен қайғы-қасірет тартқызыңдар! «Мен тақта отырған ханыммын; жесір емеспін, қайғы-қасірет те шекпеймін!» дейді ол.
8 Сол себепті бір-ақ күннің ішінде мына пәлелерге: індет, қайғы-қасірет және аштыққа ұшырап, отқа өртенбек. Себебі оны соттаушы Құдай — Жаратқан Ие құдіретті».
9 Бабылдың азғындығы мен сән-салтанатты өмір салтына араласқан жер бетінің патшалары оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде жоқтау айтып, еңіреп жылайтын болады.
10 Олар Бабылдың көрген азабынан зәрелері ұша қорқып, қашықта тұрып былай деп жоқтамақ: «Ой, бауырым, басыңа қаралы күн туды! Ұлы, күшті Бабыл қаласы! Бір-ақ сағат ішінде үкімің кесіліп, іске асты!»
11 Жер бетіндегі саудагерлер де жылап, оған жоқтау айтады. Себебі енді қайтып олардың тауарларын ешкім сатып алмайтын болады.
12 Олар алтын-күмістерін, асыл тастары мен інжу-маржандарын, қымбат ақ бәтес, жібек, қою күлгін, ал қызыл маталарын, жұпар иісті ағаштардың барлық түрлерін, піл сүйегі, қымбат ағаш, қола, темір және мәрмәрдан жасалған алуан түрлі бұйымдарын,
13 дәм қабығы мен өзге де дәмдеуіштерін, түтетілуге арналған мүр, ладан және басқа да хош иісті заттарын; сондай-ақ шарабы мен майын, ұны мен бидайын, ірілі-ұсақты малдарын, аттары мен арбаларын, әрі құлдарын — иә, адам өмірінің өзін! — саудаға салып келген болатын.
14 «Сен сондай қатты ұнатқан жемістерден ада қалдың, барлық байлығың мен сәулелі салтанатың да бітті! Енді қайтып оларды таба алмайсың!» — дейді олар.
15 Бабылда осының бәрімен сауда-саттық жасап, байып алғандар қаланың көрген азабынан зәрелері ұшып, қашықта тұратын болады. Олар еңіреп жылап, жоқтау айтып былай дейді:
16 «Қайран қала, басыңа қаралы күн туды! Ұлы қала! Қымбат ақ бәтес, қою күлгін, ал қызыл киімдер киетінсің; алтын әшекейлер, асыл тастар, інжу-маржандарын тағынып, безеніп, жалт-жұлт ететінсің!
17 Соншама зор байлық бір-ақ сағат ішінде құрып кетті-ау!» Барлық кеме басшылары мен жолаушылары, теңізшілер мен теңізбен күн көретін өзгелер де алыста тұрып,
18 оны құртып жатқан өрттің түтінін көргенде: «Бұрын-соңды осы ұлы қаладай басқа қала болған емес!» — деп айқайлайды.
19 Олар бастарына күл шашып, өкіріп жылап, былай деп жоқтау айтты: «Қайран қала, Ұлы қалаға қаралы күн туды! Теңіз кемелері барлардың бәрі Бұл қаланың дәулетімен байыған еді! Оның бір-ақ сағатта талқандалғаны-ай!»
20 «Уа, көктегілер, Құдайдың халқы, Елшілері мен пайғамбарлары, Бұған қуанып, шаттаныңдаршы! Құдай оны соттап жазалады, Ал қиналған сендерді ақтады!»
21 Сонда бір күшті періште үлкен диірмен тасындай дәу тасты алып, теңізге лақтырып жіберіп, былай деді: «Міне, осындай қатты екпінмен ұлы Бабыл қаласы да лақтырылып, тұңғиыққа батып кетеді. Ол енді қайтып көрінбейтін болады!»
22 «Бұдан былай сен ешқашан жетіген сазы мен адам даусын, сыбызғы мен керней тартқандарды естімейтін боласың. Ұсталар мен өнер шеберлері сенде болмайды, диірменнің дыбысы да естілмейді.
23 Енді қайтып шам жарығын көрмейсің, күйеу мен қалыңдықтың көңілді даусын да естімейсің! Себебі сенің саудагерлерің әлемнің мықтылары еді; сен сиқырлығыңмен күллі халықтарды алдап, азғындыққа салдың!
24 Сондай-ақ пайғамбарлар мен Құдай халқының қаны, иә, жер бетіндегі барлық өлтірілгендердің қаны осы қаладан табылды!»
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22