Аян 22 Тарау
1 Періште маған Құдай мен Тоқтының тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзенін де көрсетті.
2 Ол қала көшесінің ортасымен төменге қарай ағады. Өзеннің әр жағасында өсіп тұрған мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш ай сайын, жылына он екі рет, жеміс береді. Ал жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған.
3 Қарғалған еш нәрсе де осы қаладан табылмайды. Құдай мен Тоқтының отырған тағы қаланың ішінде. Құдайдың қызметшілері Оған бас ұра қызмет етіп,
4 Оның бет-жүзін көретін болады. Маңдайларында Оның есімі жазылып тұрмақ.
5 Енді ешқашан түн болмайды. Оларға шам-шырақ пен күн сәулесінің қажеті жоқ, себебі Құдай Иенің нұры түсіп тұрады. Олар мәңгі патшалық құрмақ.
6 Мұнан кейін періште маған: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық нағыз шындық. Пайғамбарларға өз Рухын дарытқан Құдай Ие қызметшілеріне жуырда болуға тиісті оқиғаларды алдын ала көрсету үшін періштесін жіберді», — деді.
7 (Мәсіх:) «Міне, Мен жуырда келемін! Құдайдың осы кітаптағы хабарларын ұстанатындар бақытты!» — деп ескертті.
8 Мен, Жохан, осыларды естіп, көрдім. Естіп, көріп жатқан кезде мен оларды көрсеткен періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылдым.
9 Алайда ол: «Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырлас пайғамбарлармен және осы кітаптағы сөздерге мойынсұнатындармен бірге қызмет етушімін. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!» — деді.
10 Ол маған тағы да: «Құдайдың бұл кітаптағы хабарларын мөрлеп бекітіп, құпия ұстама! Себебі жүзеге асатын уақыты таяп қалды.
11 Әділетсіздер әділетсіз істерін әлі де жасап, арамдар арамдықтарын істей берсін, ал әділдер әділ істерін жалғастырып, қасиеттілер әлі де қасиетті бола берсін», — деді.
12 Иеміз Иса маған тіл қатып: — Тыңда, Мен жуырда келемін! Әркімге ісіне қарай беретін сыйымды Өзіммен бірге ала келемін.
13 Алғашқы да Соңғы, Бастапқы да Ақырғы, Басы да Аяғы Менмін.
14 Шапандарын таза жуып, осылайша мәңгілік өмір ағашының жемісін жеп, қақпалары арқылы қалаға ену құқығына ие болғандар бақытты!
15 Алайда «иттер» — сиқыршылар, азғындар және кісі өлтіргендер, жалған тәңірлерге құлшылық етіп, жалғандықты ұнатып, соларын жасай беретіндер қала сыртында (яғни тозақта) қалады.
16 Мен, Иса, осы хабарларды қауымдардағы сендерге жеткізу үшін періштемді жібердім. Мен Дәуіт патшаның әулетінен шыққан, «таңғы жарық Жұлдызбын», — деді.
17 Киелі Рух пен Қалыңдық: «Келе гөр!» — деп шақырады. Мұны естіген әркім де «Келе гөр!» десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!
18 Құдайдың осы кітаптағы хабарларын еститіндерге мұқият ескертемін: кімде-кім оған бір нәрсе қосса, соның жазасына Құдай осы кітапта суреттелген пәлелерді қосып береді.
19 Ал кімде-кім Құдайдың хабары жазылған осы кітаптың сөздерінен бір нәрсені алып тастаса, Құдай оның осы кітапта бейнеленген мәңгілік өмір сыйлайтын ағаштан және қасиетті қаладан иемденетін үлесін де алып тастайды.
20 Осының бәрін Растаушы былай дейді: — Бұл шындық, Мен жуырда келемін! Аумин! — Иеміз Иса, келе гөр!
21 Иеміз Исаның рақымы бәріңе де жауа берсін! Аумин.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22