Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 101 Тарау

жылдам өту:

(Дәуіттің жыры.)

1 Рақым мен әділдік жайлы ән шырқаймын, Уа, Жаратқан, әніммен Сені мадақтаймын.

2 Мінсіз жүру жайлы мұқият ойлаймын, «Қашан маған келесің?» деп сұраймын, Таза жүрекпен үйімді аралаймын.

3 Арам нәрселерге еш көз салмаймын, Опасыздардың істерін мүлдем ұнатпаймын, Өзіме жабысуларына мүмкіндік бермеймін.

4 Азғын жүректіні қасымнан қуамын, Зұлымдық атаулыдан аулақ боламын,

5 Өзгені құпия жамандайтынды жоямын, Паң көзді, өркөкірекке төзе алмаймын.

6 Елдегі адалдарға назар аударамын, Олар аман-есен қасымда тұра алсын, Таза жүргендер ғана маған қызмет қылсын.

7 Ешбір алдамшы сарайымда тұрмайды, Жалған сөйлеуші көз алдымда қалмайды.

8 Таң атқаннан зұлымның бәрін басамын, Жаратқанның қаласынан сұмдарды құртамын.