Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 112 Тарау

жылдам өту:

1 Жаратқан Иені мадақтаңдар! Иеміздің өсиеттерінен ләззат тапқан, Оны қастерлейтін жан жарылқанған.

2 Әулеті оның елде күшті болады, Иә, әділдің ұрпақтары жарылқанады,

3 Оның үйінде байлық-дәулет жиналады, Әрі әділдігі мәңгі есте қалады.

4 Турашыл жанға түнекте таң атады, Ол рақымды, мейірбан, әділ болады,

5 Мұқтажға қайырыммен қарыз береді, Әрі істерін әділдікпен жүргізеді, Содан оның өзі де жақсылық көреді.

6 Шүбә жоқ, ол ешқашан шайқалмайды, Әділ жан жұрттың есінен шықпайды.

7 Сондай адам қауесеттен қорықпайды, Жаратқанға сеніп жүрегі қобалжымайды,

8 Қайта, жүрегі нық, үрейленбейді, Соңында жаулардың жеңілісін көреді.

9 Ол мұқтаждарға мол көмек таратады, Оның әділдігі мәңгіге ұласады, Абыройы да жоғарылайтын болады.

10 Ал зұлым жан мұны көріп, абыржиды, Тісін қайрап, қалжырап қажиды, Зұлымдардың аңсағаны құриды.