(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
1 Уа, Жаратқан Ие, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білесің:
2 Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, Ойларымды біліп, ұғасың алыстан.
3 Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын, Жолдарымның барлығы да Саған айқын.
4 Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан Оны толық білесің, уа, Жаратқан!
5 Алды-артымнан жүресің мені қоршап Құдіретті қолыңды үстімде ұстап.
6 Біліміңді ұға алмаймын ешқашан, Ол қол жеткізбес биік те ғажап маған!
7 Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын? Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын?
8 Көкке көтерілсем, сол орындасың, Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың.
9 Таң шапағына қалықтап ұшсам да, Не теңіздің ар жағына қонсам да,
10 Сол жерде де мені қолың жетелеп, Құдіретті қолың ұстайды демеп.
11 Мен: «Қараңғылық мені тасаласын, Айналамдағы жарық түнекке айналсын!»
12 Десем де, түнек жасырмайды Сенен, Саған күндей нұрлы — түннің өзі де, Жарықтай айқын — түнек те көзіңе!
13 Сен іш құрылысымды қалыптастырдың, Ана құрсағында мені жараттың.
14 Тамаша жаралдым, Сені мадақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын.
15 Мен ана құрсағында қалыптастым, Құпия жерде жатқанда жаратылдым, Сенен таса болмады сонда сүйектерім,
16 Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің. Сен маған бұйырған күндердің бірі Әлі де тумас бұрын, солардың бәрі Кітабыңда жазулы тұрған еді.
17 Сенің ойларың маған тым жоғары, Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!
18 Санап шықсам барлық ойларыңды, Құм қиыршықтарынан көп болады! Бірақ оянған кезде әрдайым мен Бірге боламын әлі де Өзіңмен.
19 Уа, Құдай, зұлымдарды жазалай гөр, Аулақ кетіңдер менен, қанішерлер!
20 Олар Сен жайлы арамдық айтады, Дұшпандарың атыңды құр қолданады.
21 Сені жек көріп, қарсы шыққан жауларың Қалай маған жексұрын, жиренішті болмасын?
22 Жан-тәніммен жақтырмаймын соларды, Олар нағыз дұшпандарыма айналды.
23 Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр, Мені мазалаған ойларымды біле гөр,
24 Қауіпті жолдамын ба, сынай көрсеңші, Мәңгілік өмір жолымен мені жүргізсеңші!
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150