Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 12 Тарау

жылдам өту:

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)

1 Уа, Жаратқан, құтқара гөр, әділдер қалмады, Адамзат арасынан адал атаулы жоғалды!

2 Әрбір жан жақындарына жалғандық айтады, Мүләйім жүзбен сөйлесіп, жағымпазданады.

3 Ием тілдерін олардың бөсіп мақтанатын Тоқтата көрсін әрі жағымпаз ауыздарын.

4 «Тілімізбен жеңеміз, аузымыз өзіміздікі! Кім билік жүргізбек бізге?» деп олар көпіреді.

5 «Жарлылар жапа шегіп, кедейлер де күрсінеді, Енді орнымнан тұрамын! — дейді Жаратқан Ие, — Қауіптен қорғаймын Мен жәбір көргендерді».

6 Жаратқанның сөздері таза да сенімді, Жеті рет балқытылып тазарған күміс секілді.

7 Жаратқан Ие, қаналғандарды Сен қорғайсың, Сол арсыз ұрпақтан оларды мәңгі сақтайсың.

8 Ал зұлымдар әлі де емін-еркін жүреді, Адамдар арасында арсыздық дәріптеледі.