Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 28 Тарау

жылдам өту:

(Дәуіттің жыры.)

1 Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием, Жартастай берік қорғанымсың Сен, Бас тарта көрме маған жауап беруден. Егер де тіл қатып жауап бермесең, Қабірге түскендерге ұқсаймын мен.

2 Киелі үйіңе қарай қол көтеріп Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп, Менің даусыма құлақ түре көрші.

3 Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге Маған өлімді бұйыра көрмеші. Басқалармен солар жылы сөйлескенмен, Олардың жүректері арамза әбден.

4 Соларға жасаған қылмыстарына сай, Істеген зұлым істеріне қарай Тиісті жазаларын тартқыза гөр, Лайықты қарымтасын қайтара гөр.

5 Иеміздің істерін олар елемейді, Оның жаратқандарын құрметтемейді, Сондықтан Ол соларды талқандайды, Енді қайтып оларды көтермейді.

6 Жаратқан Ие мақталсын әрқашан! Құлақ асты Ол даусыма жалынған.

7 Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным, Шын жүректен Оған сенім артамын. Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім, Иеме ән салып Оны дәріптеймін.

8 Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының, Әрі Өзі тағайындаған патшасының Берік қорғаны аман-есен сақтайтын.

9 Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр, Меншікті қауымыңды жарылқай гөр, Бағушысы болып мәңгі көтере бер.