1 Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені! Құдайымызды ән-жырмен мадақтау игі, Бұл қандай ұнамды да жарасымды!
2 Иеміз Иерусалимді қайта салар, Исраилдің айдалғандарын қайтарар,
3 Жаралы жүректерді сауықтырар, Қайғы-қасіреттерін Ол жұбатар.
4 Иеміз жұлдыздардың санын белгілеген, Ол барлығына да өз аттарын берген.
5 Жаратқан Ие ұлы әрі тым қуатты, Шексіз мол Оның ақыл-парасаты.
6 Иеміз қорланған жанды жоғарылатады, Ал зұлымдарды Ол жерге құлатады.
7 Жаратқан Иеге шүкірлік әнін айтыңдар, Құдайымызға жетігенмен күй тартыңдар!
8 Жаратқан аспанды бұлттармен жабады, Жер бетіне жаңбырды жаудырады, Тау-төбені көк шөппен жамылдырады.
9 Осылай азық өсіреді мал мен аңдарға, Қарғаның шақырған балапандарына да.
10 Тұлпардың күшіне Жаратқан қарамайды, Жігіттің жүйріктігінен рақат таппайды,
11 Қайта, риза болады Жаратқан Ие Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге.
12 Уа, Иерусалим, Жаратқанды мадақта, Уа, Сион, Құдайыңның даңқын асыра!
13 Қақпа ысырмаларыңды Ол нығайтқан, Ішіңдегі халқыңды жарылқаған,
14 Таңдаулы астықпен оны тойындырады, Шекараңа бейбітшілік орнатады.
15 Иеміз сөзін жер бетіне жолдайды, Оның айтқандары лезде тарайды.
16 Жаратқан қарды мамықтай жаяды, Қырауды да күлдей жерге шашады,
17 Бұршақты жұмыр тастай жаудырады, Кім Оның аязына шыдай алады?
18 Кейін Ол бұйрығымен ерітеді мұзды, Жылы жел соққызып, ағызады суды.
19 Иеміз Жақыпқа білдірді бұйрықтарын, Исраилге заңдары мен жарлықтарын,
20 Басқа ешбір халыққа Ол мұны істемеді, Олар Оның шешімдерін білмей келеді. Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150