Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 8 Тарау

жылдам өту:

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)

1 Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, Бүкіл дүниеде әйгілі Өзіңнің Сондай айбынды да даңқты есімің! Көктен биік мерейіңді өсірдің.

2 Балалардың, кішкене бөбектердің Аузымен Өзіңді дәріптетесің. Дұшпандарыңа бола солай істейсің, Қас жауыңды, кекшілді үндетпейсің.

3 Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға Назар аударған әрбір уақытымда Мынадай сұрақтар туады ойымда:

4 Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?

5 Оны көктегілерден сәл төмен қойдың, Құрмет, салтанатты оған тәждей сыйладың.

6 Сен адам баласын билеуші еттің Қолыңнан шыққан бар жаратылысқа. Бәрін де оған бағындырып бердің:

7 Бүкіл ірілі-ұсақты малдарды да, Даладағы жабайы аңдарды да,

8 Самсаған құс пен судағы балықты, Теңіз ағыстарымен жүзгендерді Табыстадың Сен оның қол астына.

9 Уа, Жаратқан Тәңір, Иеміз біздің, Бүкіл дүниеде әйгілі Өзіңнің Сондай айбынды да даңқты есімің!