Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 103 Тарау

жылдам өту:

(Дәуіттің жыры.)

1 Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Шын жүректен қасиетті атын ардақтаймын.

2 Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Маған көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын.

3 Ол бар күнәларымды кешіріп, Дерттерімнің бәрін сауықтырады,

4 Ажалдан жанымды аман қалдырып, Рақымы мен мейірімін сыйлайды,

5 Тілегімді жақсылықпен қанағат қып, Қырандай мені қайта түлетеді.

6 Иеміз жәбір көргендердің барлығына Әділдік жеткізіп, мүддесін қорғайды да.

7 Ақиқат жолдарын танытты Ол Мұсаға, Кереметтер жасады Исраил халқына.

8 Жаратқан — мейірбанды да рақымды, Тез қаһарланбайтын, тым қайырымды.

9 Ол бізді ұдайы айыптамайды, Мәңгі бақи кек те сақтамайды,

10 Бізді күнәмізге қарап жазаламайды, Жаман ісіміздің есесін қайтармайды.

11 Аспан жерден қанша жоғары болса, Жаратқанның Өзін терең сыйлағандарға Жаудыратын рақымы сонша мол да!

12 Шығыс батыстан тым қашық болғаны сияқты, Ол заңсыз істерімізді бізден зор қашықтатты.

13 Әкенің сәбиіне жаны ашығаны іспетті, Жаратқан Иеміз де Өзін қастерлегендерге Дәл сондай мейірім мен жанашырлық көрсетеді.

14 Неден жаратылдық, соны түгел біледі, Топырақтан екеніміз Оның есінде.

15 Адамның өмірі көк шөп секілді, Ол гүлдейді дала гүлі тәрізді:

16 Ыстық жел соғып өтсе, ғайып болар, Тұрған жеріне беймәлім боп жоғалар.

17 Ал Өзін терең қастерлеген жандарға Жаратқанның рақымы мәңгі жауады да.

18 Иемізбен жасасқан Келісімін бұзбайтын, Оның бұйрықтарын есінде сақтайтын, Әрі солар бойынша жүріп-тұратын Адамдардың келер ұрпақтарына дағы Құдайдың әділдігі жетіп тұрады.

19 Жаратқан Ие көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын.

20 Уа, Иеміздің сөзіне құлақ салатын, Оның айтқанын іске асыратын, Құдіреті күшті періштелері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!

21 Уа, Иеміздің еркін орындайтын Көктегі топтары, қызметшілері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!

22 Уа, Оның Патшалығының бар орындарында Жүретін күллі жаратқандары да, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын да.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150