Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 45 Тарау

жылдам өту:

(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Қорах ұрпақтарының насихат жыры әрі махаббат әні.)

1 Патшаға арнап әнімді айтқанда Жүрегімнен ізгі сөз құйылуда, Тілім ұқсас хатшының жүйрік қаламына.

2 Сен әсемсің күллі адам баласынан, Мейірімді сөз ағылады аузыңнан, Құдай Сені мәңгілікке жарылқаған.

3 Уа, батыр, семсеріңді асынып ал, Зор даңқ пен ұлылыққа бөленіп ал.

4 Осы салтанатыңмен жеңіске аттан Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін, Мықты оң қолың ғажап істер істесін.

5 Жебелерің үшкір, олар патшаның Жауларының жүрегіне дәл қадалсын, Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын.

6 Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік, Патшалығыңа жүргізесің әділ билік,

7 Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің, Сондықтан да Құдай, өз Құдайың сенің, Өзіңді тағайындап, сыйлады саған Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан.

8 Хош иісті сенің күллі киімдерің Мүр, алоэ, дәмқабық гүлінің жұпарымен, Көңіліңді көтереді сазды әуен Сарайларыңда піл сүйегімен безенген.

9 Сенің құрмет тұтатын жұбайларың Арасында бар қыздары патшалардың. Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын Әшекейлер тағып алған патшайымың.

10 Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды: Ұмыт шыққан әулетің мен халқыңды,

11 Патша аңсап қалайды сұлулығыңды, Ол тақсыр иең сенің, ардақта оны!

12 Тир қаласы сыйлығын алып келеді, Елдің байлары ықыласыңды іздейді.

13 Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесінде Алтын кестелі көйлегі бар үстінде,

14 Түрлі түсті киімімен әкелінеді, Құрбы қыздары соңынан ілеседі, Барлығы да Сенің алдыңа келеді,

15 Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелінеді, Патшалық сарайыңа салтанатпен енеді.

16 Ұлдарың орнын баспақ аталарыңның, Бүкіл елге оларды әкім етіп қоясың.

17 Бар ұрпақтарға сыйлатамын есіміңді, Халықтар дәріптейді мәңгі Өзіңді.

Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150