1 Уа, Иеміз, зұлымды жазалайтын Құдай, Нұрыңды төкші, о, әділ соттаушы Құдай!
2 Уа, әлемге Үкім Шығарушы, көтеріле гөр, Менменге тиісті жазасын тартқыза гөр!
3 О, Жаратқан Ие, қашанғы осылай болмақ? Қашанғы әділетсіздер дауыстап қуанбақ?
4 Ауыздарынан менмен сөздер үздіксіз шығады, Зұлымдық істейтіндердің бәрі мақтанады,
5 Уа, Жаратқан Ием, аяққа таптап халқыңды, Олар қанайды таңдаған меншігіңді:
6 Жесірлер мен жат жұрттықтарды жояды, Жетімдердің де көзін сол қаталдар құртады.
7 Олар былай дейді: «Жаратқан мұны көрмейді, Жақып сиынған Құдай бұған мән бермейді».
8 Елдегі ақымақтар, ақылға келіңдер, Сендер парасатқа қашан кенелесіңдер?
9 Құлақты жаратқан Тәңір әлде естімей ме, Көзді жаратқан Оның Өзі әлде көрмей ме?
10 Халықтарға ескерткен Ол саған ескертпей ме? Адамға тағылым беретін Ол —
11 Жаратқан Ие Пенденің ойларының бекерлігін біледі де!
12 Уа, Жаратқан Ие, Өзің тәрбие берген жан Бақытты: Таурат заңыңнан үйретесің оған,
13 Тыным бересің соған қиын-қыстау уақытта, Ал сұмдарға көр қазылады ақыр соңында.
14 Себебі Жаратқан Ие өз халқынан бас тартпайды, Таңдаған меншігін Ол жалғыз қалдырмайды.
15 Сөз жоқ, төрелік қайта әділдікке негізделмек, Бар ақжүрек жандар әділдік жолымен жүрмек.
16 Кім мені қорғау үшін қарсы шығар зұлымдарға, Кім мен үшін қарсы тұрар күнә жасайтындарға?
17 Егер Жаратқан Ие маған жар болмағанда, О дүниеге аттанар едім жақын арада.
18 «Аяғым таяды!» дегенімде, уа, Жаратқан, Сенің мейірімің болды сүйеніш маған.
19 Уайым-қайғы кернегенде менің жүрегімді, Сенің жұбанышың жадыратты көңілімді.
20 Заңыңа қарсы зорлық-зомбылық ойлаған Арамзалардың тақтары жақын бола ма Саған?
21 Топтасып олар әділге қарсы ұмтылады, Кінәратсыз адамды өлімге бұйырады.
22 Бірақ Жаратқан Ие — паналайтын қорғаным, Иә, Құдайым менің — бас сауғалар жартасым.
23 Сол зұлымдарға Ол қылықтарын қайтарады, Өз жауыздықтарымен өздерін құртады, Құдай Иеміз оларды мүлдем жояды.
Тараулар: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66 67 68 69 70 71 72 73 74 75 76 77 78 79 80 81 82 83 84 85 86 87 88 89 90 91 92 93 94 95 96 97 98 99 100 101 102 103 104 105 106 107 108 109 110 111 112 113 114 115 116 117 118 119 120 121 122 123 124 125 126 127 128 129 130 131 132 133 134 135 136 137 138 139 140 141 142 143 144 145 146 147 148 149 150