Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 99 Тарау

жылдам өту:

1 Жаратқан Иеміз патшалық құрады, Керубтер арасындағы «тағында» отырады. Халықтар Оны қастерлеп қалшылдасын, Жер де Тәңір Иеден қорқып шайқалсын!

2 Жаратушы Сионда салтанатпен тұрады, Оның даңқы бар халықтардан жоғары.

3 Уа, Ием, ұлы да айбарлы есіміңді Халықтар мадақтасын: ол киелі!

4 Құдіретті патша, ұнатасың әділдікті, Сен жер бетіне орнаттың әділетті. Жақыптың үрім-бұтағына шындықты Бекіттің, уа, Ием, және адалдықты.

5 Мақтау айтыңдар Иеміз — Құдайға: Ол киелі! «Табан тіренішінің» алдында Бас иіп ғибадат етіңдер Құдайға!

6 Оның діни қызметкерлерінің арасында Мұса мен Һарон болды ежелгі заманда. Атын атап Оған сиынғандар арасында Самуил пайғамбар да болды баяғыда, Жаратқан құлақ салды олар сиынғанда.

7 Бұлт бағанасынан Ол сөзін жолдады, Ережелер мен жарлығын жариялады, Ал халық соларды сақтап орындады.

8 Уа, Құдай Иеміз, оларға құлақ салдың Әрі кешірім беретін Құдайы болдың, Ал зұлым істерін жазалайтынсың.

9 Құдай Иемізді даңқтап дәріптеңдер, Қасиетті тауында Оған бас иіңдер, Құдай Иеміз киелі, соны біліңдер!