Забур жырлары | Киелі кітапты онлайн - оқу және оқу
мәзір

Забур жырлары 138 Тарау

жылдам өту:

(Дәуіттің жыры.)

1 Шын жүректен, уа, Ием, Сені дәріптеймін, Періштелер алдында әндетемін.

2 Киелі үйіңе қарай иілемін, Берік рақымың мен адалдығың үшін Сенің атыңа шүкіршілік етемін, Өйткені дүниеде бар нәрселерден Атың мен сөзіңді жоғары қойдың Сен.

3 Мінажат еткенімде жауап бердің, Жігер беріп, жанымды берік еттің.

4 Уа, Ием, естігенде аузыңнан шыққан сөзіңді Жердің бар патшалары мадақтасын Өзіңді,

5 Олар әнге салсын Жаратқанның жолдарын, Өйткені шексіз зор — ұлылығы Оның!

6 Жаратқан Ие бәрінен де жоғары, Ал кішіпейілге Ол назар аударады, Тәкаппар адамды да алыстан ұғады.

7 Жүрсем де қақ ортасында қиын жағдайдың, Уа, Ием, жанымды аман сақтайсың, Кәрлі жауларыма қарсы қол жұмсайсың, Мені құдіретіңмен қолдап-қорғайсың.

8 Осыны істейді мен үшін Жаратқан, Рақымың, уа, Ием, ұласады әрқашан, Бас тартпа бізден, өз жаратылысыңнан.